Қырым қайда барады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырым қайда барады?

09.03.2014
Қырым қайда барады?
Осы аптада Украина төңірегіндегі дау «қырғи-қабақ соғыс» жылдарындағыдай сипатқа ие болды. Айтпағымыз, Мәскеу мен Батыс тура сол замандағыдай бір-біріне биік мінберлерден қыр көрсетіп отыр.
 
Ал, Қырым ақпанның 28-нен бері мыңдаған қарулы адамның бақылауында. Түбекті бір оқ атпай басып алған кімдер? Вашингтон мен Брюссельдің сөзіне сенсек, олар - Ресей армиясы. Бірақ, Мәскеу көрші ел аумағына әскер кіргізбегенін айтады. Бір білеріміз - Қырымға Марстан ешкім қонған жоқ.
 
Осы аптада белгілері жоқ қарулы жасақтар Украинаның Қырымдағы бірқатар әскери базасын бір оқ шығындамай-ақ бағындырды. Мұздай қаруланған бұл жауынгерлерді   жергілікті халық   «жасыл адамдар»   деп атап кеткен.
 
Бірақ, берілуден бас тартып, қоршауда тұрған украиналық әскери бөлімшелер де баршылық.   АҚШ Қорғаныс министрлігі мен Украина үкіметінің дерегіне жүгінсек, түбекке Ресейдің 20-30 мың әскері кірген болуы керек.
 
Алайда, президент Владимир Путин мен оның үкіметі мәлімдегендей, Мәскеу Қырымды жаулап алуға оқталып отырған жоқ және мұндағы нысандарды басып алған сарбаздар Ресейдікі емес. Ал, Мемлекеттік дума Қырым халқының көпшілігі көрші елге қосыламыз деп дауыс берсе, ондай тілекті құптауға әзір.
 
Валентина Матвиенко, РФ Мемлекеттік думасы Федерация кеңесінің спикері:
Егер Қырым халқы өз еріктерін референдум арқылы білдіріп, Ресейге қосыламыз десе, біз парламенттің жоғары палатасы ретінде мұндай шешімді, әрине, қолдаймыз.
 
Бүгінде Қырым түбегінде   2 миллионға жуық адам тұрады. Соның 60 пайызы - орыс, 24 пайыздан астамы - украиндар, 12 пайызы - Қырым татарлары. Ал, қалған ұлт өкілдерінің саны 2 пайызға да жетпейді.
 
Қырым парламенті Ресейге қосылу туралы референдумның өтетін күнін наурыздың 16-на белгілеп отыр. Бірақ, Украинаның жаңа үкіметі де, жергілікті татарлар да түбектің Ресейге 90-шы субъект болып енуіне қарсы.
 
Рефат Чубаров, Қырым татарлары Мәжілісінің төрағасы:
Қырым татарларының Мәжілісі бұл референдумды мойындамайды, сондықтан, біз баршаны ұлтына қарамастан, референдумге дайындықтың барлық кезеңдеріне және дауыс беруге бойкот жариялауға шақырамыз.
 
Арсений Яценюк, Украина Премьер-министрі:
Бұл - заңсыз шешім және референдум өткізуге ешқандай негіз жоқ. Сондықтан, біз Ресей үкіметін Украинада сепаратизмді қолдамауға шақырамыз. Қырым бұрын да, қазір де, болашақта да Украинаның ажырамас бөлігі болып қала береді.
Қырым Ресей құрамына 18-ші ғасырда Екатерина патшайым тұсында енді. Көп кешікпей, Севастопольде орыс әскери теңіз флоты құрылды. Ал, 1921 жылы халқының басым бөлігін мұсылман татарлар құраған түбек Кеңес одағына кіреді.
 
Бірақ, ұлтшылдармен сыбайлас болды деген күдікпен татарлар II Дүниежүзілік соғыстың соңында жер аударылып, Қырымға 80-ші жылдары ғана орала бастады.
 
Ал, Никита Хрущев Қырымды Киевтің қарамағына   1954 жылы берген болатын. Осы аптада татарлардың үйлерінің сыртында крест белгілер пайда болды. Оларды кім не үшін салып кеткенін әзірге ешкім білмейді.
 
Бақшасарай қаласының тұрғыны:
Көшелермен жүріп отырып, Қырым татарлары тұратын аудандарға мынадай белгілер қойып кеткен: әрбір тұрғын үйге, әрбір қақпаға, әрбір қоршауға. Тізім бойынша аралаған, оларға біз туралы ақпаратты қалалық кеңес берсе керек.
 
Бақшасарай қаласының тұрғыны:
Біз отбасымыз үшін қорқамыз. Себебі, олар барлық үйлерге крест қойған. Мұны неліктен істеді? Білмейміз. Бәлкім, бізді үрейлендіріп, арандатқысы келген шығар.
 
Ал, Мәскеудің Қызыл алаңында Ресей үкіметінің қолдауымен үлкен шеру өтіп, оған 65 мыңдай адам қатысты. Акция барысында «Қырым - Ресейдің жері» деген ұран көтерілді.
 
Ресейге қосылуды ұрандатқан митингілер Қырымның өзінде де өтіп жатыр. Бірақ, наурыздың 8-де Симферпольдің түбіндегі Фантана қаласында   ұйымдастырылған демонстрацияға әйелдер жиналып, «Қырым-Украина», «Соғысқа жол жоқ», «Бізге бейбітшілік керек» деп шерулетті. Манифестанттардың арасынан түбекте тұратын барлық ұлттың өкілдерін кездестіруге болады.  
 
Раиса, Бақшасарай қаласының тұрғыны:
Білесіз бе, мен бүгін украин және орыс жауынгерлеріне тамақ апардым. Мен үшін олардың айырмашылығы жоқ, екеуі де славян бауырлар. Біз бөлінбей, адам болып қалуымыз керек. Баршамыз бейбітшілік мен келісімде өмір сүргіміз келеді. Бірақ, саясаткерлер мұны қаламайтын тәрізді.
 
Ресей Украинаның жаңа үкіметін заңды деп есептемейді және де Кремль көрші елдің шығысы мен оңтүстігіндегі отандастарын қорғауға міндеттіміз, дейді.
 
Бірақ, Киевтің Майданында құрылған министрлер кабинеті өзінің заңдылығына шәк келтірмей, қызметіне кірісіп, қазір сырттан Қырым үшін де, экономика үшін де көмек сұрап отыр.
 
Еуропа Одағы мен АҚШ болса, Мәскеуге қарсы дипломатиялық қысымды күшейтіп, Ресейді экономикалық санкцияға алатынын биік мінберлерден күнде мәлімдейтін болды.
 
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри ресейлік әріптесі Сергей Лавровқа ескерткендей, Қырым көрші Федерацияның құрамына кіретін болса, дипломатияның жолы жабылады.
 
Дау жалғасып жатыр. «Қырғи-қабақ соғыстан» кейінгі Батыс пен Шығыс арасындағы ең үлкен саяси дағдарыстың   немен аяқталарын әзірге ешкім білмейді.
 
Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу