Малайзиялық ұшақ әлі табылған жоқ

09.03.2014
Малайзиялық ұшақ әлі табылған жоқ
Осыдан бір тәуліктен астам уақыт бұрын жоғалып кеткен малайзиялық ұшақ әлі табылған жоқ. «Боинг-777» лайнері сенбіге қараған түні Куала-Лумпурдан Қытай астанасы Бейжіңге аттанып, шамамен екі сағаттан кейін жоғалып кетті. Бүгін түскен хабарға жүгінсек, жоғалмас бұрын «Боинг» артқа қайтуға әрекет жасаған болуы керек.
 
Ұшақ радар экранынан Оңтүстік Қытай теңізінің үстінде немесе Вьетнамның әуе кеңістігінде ғайып болған. Сондықтан, қазір сол ауданда іздеу операциясы жалғасып жатыр.
 
«Боингтың» бортында 227 жолаушы және экипаждың 12 мүшесі болды. Әлемнің 13 мемлекетінен мінген жолаушылардың басым бөлігі - қытайлықтар мен малайзиялықтар. Ұшақпен бірге жоғалғандардың ішінде қазақстандықтар жоқ.
 
Соңғы мәліметке қарағанда, лайнерге 4 адам өзге азаматтардың паспортымен отырған болуы керек. Мұны Азия басылымдары хабарлап отыр. Екі төлқұжаттың шын иелері Австрия мен Италиядан тірі табылды.
 
Тағы екі паспорттың қожайындары іздестіріліп жатыр. Бұл мәліметтер жарияланғаннан кейін, ұшаққа өзгенің атын жамылып, терроршылар мінді ме деген күдік туындап отыр.
 
Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу