Елбасының 20 жыл бұрынғы идеясы өміршеңдігін дәлелдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының 20 жыл бұрынғы идеясы өміршеңдігін дәлелдеді

09.03.2014
Елбасының 20 жыл бұрынғы идеясы өміршеңдігін дәлелдеді
Осы Мәскеуде сол 1994 жылы Қазақ елінің Президенті Еуразиялық одақ құруды ұсынған еді. Одан бері Еділ мен Есілге қаншама мұз қатып, қаншама су ақты. Саяси ауа райы да сан рет құбылды.
 
Бірақ, біздің Президент бағытынан адаспады. Қоңсылас елдер қолтықтаспаса да, қол ұстасу керектігіне шығар күндей сенді, өзгені де сендірді. Еуразиялық одақ басында аймақтағы кейбір елдерден қолдау таппай, уақытынан сәл-пәл кешіксе кешіккен шығар, бірақ бір сәтке де маңызын жойған жоқ. Керісінше, күш алып келе жатыр.
 
Өткен күннен белгі бар. Сол кезеңдегі сақа саясаткерлерді жинаған, көпшілік назарына еуразиялық идея тасталған Мәскеудегі аудитория әлі бар ма? Ескі жылдарды еске түсіріп, саясатшылардың естеліктерін тыңдау үшін біздің тілші Мәскеуге жол тартты.
 
Ресей. Бұл елмен Қазақстанның тарихы тығыз байланысты. Арада 7 мың шақырым қашықтыққа созылатын шекарасы бар. Қос мемлекет бірлікке бағынады. Тең дәрежелі достықты дәріптейді.
 
1994 жыл. Наурыздың 29-ы. Мемлекет басшысының Ресейге тұңғыш ресми сапары. Мына бейнекадрлар - Елбасының сол кездегі оқу ұжымымен жүздесу сәтінен үзінді.
 
Әсем Изатқызы, тілші:
Мемлекет басшысының Мәскеу мемлекеттік университетінің ұжымымен кездесуі осы залда өтті. Ал дәл мына жерде отырып, Елбасы болашаққа бағытталған, бірақ уақыттан озық бастама көтерді. Жаңа интеграциялық бірлестік, Еуразиялық одақ құру жөнінде ұсыныс жасады.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен бұл сөзімді алғаш рет айтып тұрмын. Мен басқа да мемлекеттің басшыларымен, өзімнің әріптестеріммен пікірлесіп, сындарын тыңдаймын. Бұл қалай болғанда да, менің ойым. Сондықтан, біз мұны талқыға саламыз.
 
Әсем Изатқызы, тілші:
Әрине, 20 жылдан бері бұл жердегі орындықтардың орны өзгергенімен, бұл орын әлі күнге тарихи мекенге айналып отыр.
 
Тұтас тарихта алғаш айтылған интеграция идеясы келелі кездесуден күтілмеген еді. Өзге президенттердей өз елінің дамуына Нұрсұлтан Назарбаев тоқталмады, марқайып-мақтанбады. Керісінше, бәріне керек, бәрінен зерек, ортақ ойды ортаға тастады, дейді Михаил Мейер.
 
Сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал тоқырау жылдарының тұсында Мәскеу мемлекеттік университетінде қызмет ететін. Қазір де құрметті профессор, оқытушы. Тарих беттерінде таңбаланатын сол сәттің куәгері.
 
Михаил Мейер, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Азия және Африка елдері институтының президенті:
Қазақ басшысының тың бастамасы бәрімізге таңсық болды. Ұйып тыңдадық. Басында бәрі әдемі сөз, тек ертегі сияқты көрінген. Өйткені, сол тұста Кеңес одағы енді  ыдырап, қиын-қыстау кезең болатын. Ал жылдар өте Назарбаев ұсынысы жарқын болашақтың кілтіне айналды.  
 
Бастама көтерілгеннен бері жаһандық саяси ауа райы сан құбылды. Сол себепті көршілес елдер қол ұстасып болашаққа бірге аттануға бел шешті. Біразы о баста Еуразиялық одақтың кемел келешегіне күдікпен қарап еді. Бірақ бастама бір сәтке де жоққа шығарылған жоқ. Қайта күн санап маңызы артып келеді.
 
Валерий Лунин, М.В.Ломоносов атындағы ММУ деканы:
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алған 90-шы жылдардан бастап, интеграция идеясының стратегиялық бастаушысы болды. Нәтижесінде, біздің ел мен Қазақстанның арасында шынайы достық көпірі қалыптасты. Ал сол кезде көпті таңғалдырған Еуразиялық идея өзінің жемісін беріп жатыр. Мысалы, Астанадағы Гумилев атындағы университет пен сіздердегі Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы. Бүгінде бұл оқу ордаларында нағыз білім бәйгесі болып жатыр деуге болады.
 
Қазақ басшысының бастамасын барлығы бірауыздан мойындайды. Еуразиялық идея - жарқын болашақтың берік баспалдағы деген баға береді. Ұсыныс 20 жыл бұрын жасалса да өзектілігін жоймады, өміршеңдігін дәлелдеді. Мәскеу мемлекеттік университетінің проректоры Николай Семин осындай орамды ой білдірді.
 
Николай Семин, М.В.Ломоносов атындағы ММУ проректоры:
Қазақстан мен Ресейдің екіжақты бірлескен жобалары жетерлік. Әсіресе, оқыту бағдарламаларында ілгерілеу басым. Біздің студенттер сіздерде, ал қазақстандық балалар бізде тәлім алады. Және олардың саны жылдан жылға артып келеді. Бұл Еуразиялық идеяның жемісі деп білемін.
 
Жібек Сыздықова, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Азия және Африка елдері институты директорының орынбасары:
Алғашқы жылдары бұл идеяға сын айтушылар да болып еді. Өйткені, сол кезде бастаманың міндеттерін орындау мүмкін емес секілді көрінді. Ал енді 20 жыл өтті. Біз идеяның ақиқатқа айналғанын көріп отырмыз. Еуразиялық комиссияның жұмысына, Кедендік одақтың жемісіне куә болып жүрміз. Біз бұл идеяның керектігін, маңыздылығын бертін келе ғана ұғындық. Ал Нұрсұлтан Назарбаев оны 20 жыл бұрын айтқан еді.
 
Екі он жылдық өтті. Экономикалық тұрғыда тұтасу идеядан іске айналды. Президент ұсынысы сөз жүзінде қалмады, бастама ізінше Еуразиялық экономикалық қоғамдастық дейтін қауқарлы ұйым құрылды.
 
Соңынан үш елдің басын экономикалық салада біріктірген Кедендік одақ та пайда болды. Қазақстан, Беларусь, Ресейге игілік әкелетін одақ аясында бірегей бәсеке формуласы түзілді. Кәсіпкерлерге кедергі келтіретін заңдар сүзілді. Нәтижесінде, ортақ нарық пайда болды.
 
Алыс-берісіміз, барыс-келісіміз көбейді. Экономикалық көрсеткіштерге көз салсақ: 2010 жылы Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы тауарайналым 47 миллион АҚШ долларына тең болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 45,5 пайызға өскен. Ал 2013 жылы 64,1 миллиард долларға жеткен.
 
О баста интеграцияны иіріп әкету оңай болған жоқ. Тарап болған соң талап та болады. Сол үшін 2015 жылы құрылатын Еуразиялық Одақта ешбір елдің құқығы шектелмейді.
 
Барлығына бірдей мүмкіндік қарастырылады. Әр елдің пікірі таразыланып, пайымы бағамдалады. Одақ посткеңестік кеңістікте ең тереңдетілген ықпалдастық болмақ. Осылайша, 20 жыл бұрын айтылған идея - өзінің өміршеңдігін дәлелдейді.
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу