«Банктерде салымдарыңыз болса, алып үлгеріңіз!» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Банктерде салымдарыңыз болса, алып үлгеріңіз!»

23.02.2014
«Банктерде салымдарыңыз болса, алып үлгеріңіз!»
 
«Көрген көзіме сенейін бе, әлде сөзіңе сенейін бе» деген бар. Осы аптаның басында таң бозынан қалта телефондарына келген SMS хабарламалардан дүйім жұрт бір дүрлігіп басылды.
 
Баяғы 112 ме, деп хатты оқысақ, «Каспий», «Альянс» және «ЦентрКредит» банктері банкротқа ұшырайды. Осы банктерде салымдарыңыз болса, алып үлгеріңіз!» деген хабарлама екен.
 
Депозитке қап-қап ақшаларын салған құйқалылар да, азын-аулақ ақшасын «ұлымның үйлену тойына», «қызымның ұзатылуына», «немеремнің сүндеттелуіне» деп сүр еттей сақтап жүрген былайғы жұрт та әбден састы.
 
Дүрлігісіп, бірден банкті бетке алды. Жиған-терген ақшаларын депозиттен тезірек алуға жанталасты. Соңынан, Бас прокуратура ел арасында дүрбелең тудырған есерсоқтардың соңына түсіп, ақыры олардың кім екендігін анықтады.
 
Сонымен олар, «Signum» заң компаниясы» ЖШС-ның меншік иесі Әбілхайыр Нақыпов және осы компанияның қызметкерлері Виктория Трофимович пен Әйгерім Адасбаевалар болып шықты.
 
Олар «БанкЦентрКредит» АҚ-на қатысты шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты осы банктің бұрынғы қызметкері Дархан Сәбденовтан алған. 1984-шы жылы туған Сәбденовке қатысты Алматы прокуратурасы әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, 20 тәулікке қамауға алды.

Хабарламаларға жазылу