Билік партиясы өкілдері мен депутаттар ауыл-аймақты аралауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Билік партиясы өкілдері мен депутаттар ауыл-аймақты аралауда

09.02.2014
Билік партиясы өкілдері мен депутаттар ауыл-аймақты аралауда
Ақпанның бет қарыған аязына қарамастан, билік партиясы мен депутаттар атқа қонып, ауыл-аймақты аралауға кетті. Мына суықта не бар демессіз, жоспарлары - өлке-өңірлердегі еңбекші қауыммен кездесіп, Елбасы Жолдауын түсіндіру.
 
Озық отыздықтың ортасынан ойып тұрып орын алу үшін қандай қам-қарекет керектігін тәптіштеп түсіндіріп, «Мәңгілік ел» идеясының мән-мазмұны, мақсат- мұраты жөнінде ой алмасу, ақылдасып, кеңесу.
 
Президенттің 2050-ші жылға дейінгі ұзақ мерзімді стратегиясында көзделген мақсат - біреу ғана. Озық отыздықтың ортасынан қазақтың мәңгілік орнын анықтау. Ол үшін ертеңін ойлайтын елдің жүрегі құлқын деп емес, жұртым деп соққаны абзал.
 
Келешекте қабылданатын Мәңгілік ел патриоттық актінің өзегі де осы ұстаныммен ұштасуы тиіс. Мұндай пікір көшбасшы партияның жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің жиынында көтерілді.
 
Яғни, қазақтың тілін қажетсінуі үшін не істемек керек, рухани болмысты қайтсек брендке айналдыруға болады? Міне, осындай ойдың төңірегіндегі ұтымды ұсынысты «Нұр Отан» партиясы қоғамның елегінен өткізіп барып, тиісті мемлекеттік органдарға жібермек ниетте.
 
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Кеңес мүшелерінің алдында осынау тарихи тұста өз ойларымен бөлісіп, бабалар аңсаған мәңгілік ел құру, тұғыры таймас тәуелсіздік орнату идеясына өздерінің беделін, білімін, тәжірибесін пайдалана отырып, үлес қосу міндеті тұр. Елбасы айтқандай, «Мәңгілік ел» ұғымы ұлтымыздың ұлы бағдары - «Қазақстан-2050» стратегиясының басты мұраты. Ал мәңгілік ел - дамыған, әлемнің маңдайалды елдерімен қай жағынан да бәсекеге қабілетті мемлекет дегенді білдіреді.
 
Нұротандықтар осы аптада Президент Жолдауында қойылған міндеттерді елмен бірге талқылауға кірісіп кетті. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде көшбасшы партияның филиалдары өздерінің саяси кеңестерін өткізіп, жұрт пікірін жинастыруда.
 
Сондай жиынның бірі оңтүстіктегі Төле би ауданында өткен. Жиналғандар Жолдаудағы шағын және орта кәсіп әр отбасының дәстүрлі кәсібіне айналсын деген міндетке тоқталды.
 
Бұл орайда жекелеген азаматтармен жұмыс істемейтін жергілікті биліктің біліксіздігі сөз болды. Сосын ауыл, аудан әкімдіктерінің жұмысын келешекте шағын бизнестің даму көрсеткіштерімен бағалау туралы ұсыныс айтылды.
 
Әуелхан Тұрғымбеков, «Нұр Отан» партиясы Төле би аудандық филиалының төрағасы:
Біз міндетті түрде тапсырманың үдесінен шыға алмаған ауыл әкімдеріне тиісті тәртіптік шара қолданамыз. Қатаң болуы да ықтимал. Тиісті қорытынды шығармаса, қызметтен кетуі де мүмкін.
 
Алматы облысы Іле аудандағы бір жарым мыңға жуық мүгедектер жақын арада жергілікті мекемелерге жұмысқа тартылады. Байсерке ауылына жиналған «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалының өкілдері Жолдауда көтерілген осы бір тақырыпқа ерекше тоқталды. Кеңеске келген жергілікті мәслихат депутаттары, әлеуметтік сала қызметкерлері мен кәсіпкерлер тың бастамаға барынша үлес қосатын болып келісті.
 
Нұрлан Құматаев, Іле аудандық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің меңгерушісі:
Қайта даярлау, қайта оқыту бойынша жіберетін мекемелер бар, сонда бағыттаймыз. Қоғамдық жұмыстарға, қайта даярлау курстарына жібереміз. Бүгінгі таңда осы бағдарлама бойынша мүгедектердің 168-і жұмыс істеп жатыр.
 
Ал Қарағандыда «Нұр Отан» партиясы Октябрь аудандық филиалының кезектен тыс кеңесінде әлеуметтік саланың әлсіз тұстары талқыланды. Жиналғандар жастардың тәрбиесі, білім беру, денсаулық сақтау, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын нығайту мәселелеріне қатысты өз ойларын ортаға салды.
 
Ербол Сармурзин, Қарағанды мемлекеттік университетінің магистранты:
Жиын барысында Елбасы Жолдауында көтерілген жастар тәрбиесі, білім, мәдениет, денсаулық сақтау сынды көптеген салалар бойынша әңгіме қозғалды. Өздеріңізге белгілі, «Нұр Отан» партиясының доктринасында ұлттық құндылықтарымызды қамтуға баса назар аударылған. Осы жөнінде де біз сөз еттік. Біздің қазыналы өңірімізде де ұлттық құндылықтарды қадірлеу және насихаттау бойынша да біраз жұмыстар атқарылады деген сенімдеміз.
 
Осы аптада Парламент депутаттары да аймақтарды аралап кетті. Олар да Жолдау жөнінде сайлаушылардың түсінік, пайымын түртіп алып, ағайынның айтар ойын ертеңгі заң жазар кездегі жұмыстарына пайдаланбақ ниетте. Себебі Президент Жолдауында жүктелетін тапсырмаларды заңмен бекіту - Парламенттің міндеті.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Жақын болашақта «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға бағытталған бірқатар жаңа заң жобаларын қарайтын боламыз. Олардың арасында бизнес құрылымдарын қорғауды, шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуды және рұқсаттар мен лицензияларды қайта қарауды көздейтін түзетулер бар.
 
Сенаттың бір топ депутаты Алматыдағы Шекара қызметі академиясының ұжымымен кездесті. Халық қалаулылары болашақ офицерлерге Президенттің биылғы Жолдауы туралы әңгімелеп, қарулы күштерде мінсіз тәртіп пен әскери дайындықтың әлеуетті қандай болуы керек деген ойдың төңірегінде пікір алмасты. Себебі, құқық қорғау жүйесінің жұмысын нақты жолға қою - болашақ ел дамуының бір тармағы.
 
Икрам Адырбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Шекара шебіндегі проблемаларды, бүгінгі жеткен жетістіктерін олар бізге мақтанышпен айтты. Президент Жолдауындағы жалпы «Қазақстан-2050» стратегиясындағы көрсетілген бағыт-бағдардың барлығын өте жақсы қабылдайды. Бүгінгі кездесуімізде біз соны байқадық.
 
Мәңгілік елдің ертеңі - бүгінгі жастар. Ал келешек керемет болуы үшін сол жастардың кемелді білім алуы шарт. Мәжіліс депутаттарыныңАбай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті жастарымен кездесуі кезінде Мәңгілік ел болудың мән-жайы талқыланды.
 
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Менің ойымша, 2050 стратегиясын жүзеге асыруға әрбір жас атсалысуы тиіс. Ол үшін алдымен, заман көшінен қалмайтын белсенді, қателессе де, өршелене алға ұмтылатын батыл болуы керек. Одан кейінгі шарт - терең білімді болу жолында талмай оқу. Сонда ғана Елбасы айтқандай, адал, жауапты, тәрбиелі әрі білімді жастарымен еліміз өркендейді, дамиды.
 
Ал Батыс аймақтарда жүрген депутаттардың енді бір тобы еңбек ұжымдарымен кездесті. Өңірдегі шағын және орта бизнестің жайымен танысып, жұмысшы қауымның Жолдау туралы ойларын тыңдады.
 
Биылғы Жолдауда Президент Ақтөбе қаласын келешекте агломерацияға айналдыруды жүктеген. Ал еңбекші қауымның табан ет, маңдай терінсіз шаһарды мұндай ірі орталыққа айналдыру мүмкін емес.
 
Асхат Бекенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
30 елдің қатарына кіру үшін қандай межеге жетуіміз керек? Ол үшін біз не істеуіміз қажет, деген тақырыпты жұмысшылармен бірге қызу талқыладық.  Сұрақтар көп болды. Оның бірі- Ақтөбе қаласының агломерациясы туралы сұрақ. Жұмысшылармен қызу талқылап, кәсіпорынды аралап жүрміз.
 
Жолдауға қатысты жұрттың пікірін қоғам талқысынан өткізу шараларын нұротандықтар алдағы уақытта да жалғастыра береді. Ал депутаттардың аймақтарға сапары болса, келер аптаның соңына дейін жалғаспақ.
 
Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу