Ерікті донорлардың санын көбейту — Бельгия үкіметінің басты мақсаты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерікті донорлардың санын көбейту — Бельгия үкіметінің басты мақсаты

17.06.2019

Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қазір жаһан елдеріндегі донорлық қызмет саласы сапалы, қауіпсіз қан қорына зәру. Ерікті, өтеусіз донорлардың санын көбейту — Бельгия үкіметінің де басты мақсаты. 11 миллион халқы бар мемлекетте тек 3-5 %-ы ғана қан тапсырады.

Осыған алаңдаған «Қызыл крест» ұйымы мен медицина қызметкерлері «Қан тапсырып, өміріңмен бөліс» акциясын бастады.

«Қызыл крест» ұйымының Бельгиядағы қан тапсыру орталығы жылына ауруханаларды 500 мың пакет қанмен қамтамасыз етеді. Бұл күнделікті сұранысты қанағаттандыруға жеткілікті. Ал, «қан қорын көбейту үшін бір жылда жаңадан 20 мың донор қажет»,-дейді дәрігерлер.

Эстер Нейэнс, Белгия Қызыл крест ұйымы жетекшісінің көмекшісі:

Жазда қатты қиналамыз. Өйткені, адамдар демалысқа кетіп, қан тапсырушылардың қатары азаяды. Сондықтан, осы шараны ұйымдастыру арқылы қан қорын қазір жинап алуымыз керек. Халықтың тек 3-5 пайызы ғана тұрақты қан тапсырады. Бұл біздің мемлекет үшін тым төмен көрсеткіш.

«Донорлардың қатарын арттыру үшін, оларды бір күн жұмыстан босатып, ақшалай ынталандыру сыйақысы тағайындалса»,-дейді ақ халаттылар. Әзірге, оларға тәттілермен шәй ғана тегін беріледі. Қан тапсырар алдында тамақтану — басты талаптың бірі.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Қан талдауынан, дәрігердің тексерісінен өткен донорларға қойылатын тағы бір талап салмағы 50 келіден төмен болмауы тиіс. Өкінішке қарай, мен сол үдеден шыға алмадым. Сондықтан, қан тапсыра алмаймын. Есесіне, әріптесім Бауыржан тапсырып жатыр. 470 мл қазақтың қаны бір бельгиялық азаматтың өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Қазір елде сирек қан топтарының қоры түгесілген. Олардың иелеріне дәрігерлер БАҚ арқылы үндеу жариялап жатыр.

Оливиер Мойерсом, донор:

Менің қаным өте сирек кездесетін негативті А тобына жатады. Осы жасқа келгенше, қан тапсыру ойымда болмап еді. Жақында лейкемия ауруынан көз жұмған досымның қазасынан кейін жиі қан беріп, өзге адамдарға өмір сыйлаймын деп шештім.

Жорж Лорн, донор:

Барлық азаматтарға, жастарға мен сияқты екі апта сайын қан тапсырып тұрыңдар деген кеңес беремін. Қанша адам жол, көлік оқиғасынан зардап шегіп, операцияға түсіп жатыр. Олар біздің көмегімізге зәру.

Бельгияда 18 бен 65 жас аралығындағы азаматтар қан тапсыра алады. Бірақ, тұрақты донорлардың арасында жасы 80-нің сеңгіріне келгендері де бар. Жүріп-тұруы қиын немесе жұмыстан ұзап шыға алмайтындардан медбикелер көшпелі станция арқылы қан қабылдап жатыр.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу