Француздар көкпарды тамашалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Француздар көкпарды тамашалады

27.05.2019

Қазақтың көкпары тұңғыш рет Еуропада, Францияда көрсетілді. Фонтен-бло қаласындағы дәстүрлі аңшылық фестивалінде ұлттық өнеріміз көпшілікке паш етілді. 

Фестивальға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен 2016-жылы құрылған Жастар лигасына мүше еліміздің 6 жоғарғы оқу орны командаларының үздік көкпаршылары қатысты. Француздар ұлттық өнерімізді көрсеткен жігіттерінің қайсарлығы мен шапшаңдығына тәнті болды.

Парижден 60 шақырым жерде орналасқан Фонтенбло қаласының ипподромы таң атқаннан халыққа лық толы. Францияның үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері, аңшылар, атбегілер көкпарды көруге қалмай келіпті. Еліміздің Франциядағы елшісі Жан Ғалиев жиналғандарға алдымен ұлттық ойынның тарихы мен маңыздылығы жайлы мол мағлұмат берді. Қазақтың қанына сіңген өнер, ұлттық спорт жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді.

Қазақ Көкпарының қазір ережесі де өзгерген. Бұрынғыдай семіз серке, олжалы қазандық деген жоқ. Халықаралық талаптарға сәйкес, Тайқазанның орнына мынадай ішіне пішен толтырылған шеңбер қойылған. Ал, серкенің орнына мынадай муляж. Негізінде жігіттер Қазақстанда 25-30 келі салмақты көтеріп жүр. Бірақ, Еуропаға арнайы мына 18 келілік жасанды серкені жасап әкеліпті. Мұның өзі – жеңіл емес.

Көкпар – рухы мықты жігіттердің ойыны. Жастар лигасының жетекшісі, әрі басты демеушісі Данияр Дәукей намысты қолдан бермеу үшін Францияға еліміздегі 6 команданың ең үздік ойыншыларын әкелген. 

Данияр Дәукей, жастар көкпар лигасының Президенті:

Мақсатымыз – Европа еліне, халқына біздің дәстүрімізді көрсету. Бірінші Франциядан бастадық. Біздің Көкпарымызды, атадан келген дәстүрімізді жарнамалап жүрміз.

Фредерик Вальту, Фонтенбло қаласының әкімі:

Бұл ойынды тұңғыш рет Францияда, Фонтенблода ұйымдастыру біз үшін үлкен құрмет. Фонтенбло - жылқының астанасы деген атқа ие. Сондықтан, мынадай күштің, жылдамдықтың мерекесін көру – бәрімізге қазақтың өнерін тануға тамаша мүмкіндік.

Нағыз көкпар – аттың бабын, жігіттің бағын сынайтын дода. Қызыл, қара түсті киім киген екі топтың ойыншылары саф өнерді көпшілікке насихаттауға барын, жанын салды. Жиырмадағы бозбалалардың салмақты серкені тақымына басып алып, құйғытып шаба жөнелгеніне француздар тәнті болды. Көкпаршылардың олжаны шеңберге дөп түсіріп, аттың құлағында еркін ойнауына бәрі таңдай қақты. 

Бенуа Шеврон, Сена және Марна аймағы аңшылар федерациясының Президенті:

Мен қатты таң қалдым. Жап-ас жігіттердің физикалық дайындығына, күш-қуатына, көз ілестірмес шапшаңдығына тамсандым. Олар мықты техниканы меңгерген. Француз аңшыларынан сендер осылай ойнай аласыңдар ма? деп сұрадым. Бұл асқан төзімділікті, күшті қажет ететін ойын екенін бәрі мойындады.

6 ойыншы 15 минуттың ішінде ұлттық ойынның бар әлеуетін көрсетті. Дода кезінде арнайы Германиядан әкелген қазақтың қарабайыр жылқылары сыр бермеді. Ал, жергілікті француз аттары шаршаған соң, ойынның уақытын қысқартуға тура келді. Данияр Дәукей бастаған топ ұлттық құндылықты жаһан жұртына насихаттауды жалғастыра бермек. Биыл Көкпарды АҚШ-та ұйымдастыруға ұсыныс түсті. Франция жұрты да қазақ көкпаршыларының келесі ойынын асыға күтеді.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

 

Хабарламаларға жазылу