Зеленский алда келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зеленский алда келеді

19.04.2019

Украинада президенттік сайлаудың келесі турына екі күн қалғанда шоумен Владимир Зеленский рейтинг бойынша Порошенкодан үш есе алда келеді. Соңғы сауалнама қорытындыларына қарағанда, комедиялық актерге электораттың 73, қазіргі мемлекет басшысына 27 пайызы дауыс беруге дайын.

Зеленскийді барлық жастағы азаматтар қолдап отыр. Оған негізінен елдің шығысы, оңтүстігі және орталығы жақтас. Әртіс билікке келсе, үш президенттік ұшақты сатып, халықпен тікелей сөйлесіп, бұқаралық ақпарат құралдарының ісіне араласпақ емес. 

Украинада сайлаудың екінші туры сәуірдің 21-де өтеді. Ал, бүгін Зеленский мен Петр Порошенко стадионда дебат өткізуі керек. Бұған дейін жоспарланған пікірталасқа Порошенконың өзі ғана барып, Зеленскийді «қаптаған мысыққа теңеп», халықты нағыз президентке және қолбасшыға дауыс беруге шақырды.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу