Жаңа Зеландияда қару туралы заң алдағы он күннің ішінде реформаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа Зеландияда қару туралы заң алдағы он күннің ішінде реформаланады

18.03.2019

Жаңа Зеландияда қару туралы заң алдағы он күннің ішінде реформаланады. Мұны ел премьер-министрі Джасинда Ардерн Крайстчерч қаласындағы қантөгіске байланысты мәлімдеді. Оның сөзінше, министрлер кабинеті кездесу өткізіп, арсенал ұстау туралы ережені қатаңдатуға шешім қабылдаған. Алайда, жаңа заңның детальдары туралы әзірге ештеңе айтылған жоқ.

Ел тарихында бұрын болмаған бұл трагедияны Жаңа Зеландия үкіметі «теракт» деп атағаны белгілі. Ал, мұсылмандар қаза тапқан туыстарының мәйітінің әлі берілмегеніне шағынданып отыр. Ислам дәстүрі бойынша, адам қайтыс болғаннан кейін мүмкіндігінше дереу жерленуі керек.

Естеріңізге сала кетсек, жұма күні австралиялық 28 жастағы Брентон Таррант Крайстчерч қаласында екі мешітке басып кіріп, оқ атып, 50 адамды мерт қылды. Сол шабуыл үшін оған кісі өлтірді деген айып тағылды.

Соңғы мәліметке қарағанда, Австралия басшылығы мешіттерді бейнекамерамен, жарықпен, дабыл жүйесімен қамтамасыз етуге және оларды қоршауға 39 миллион доллар бөлетінін жариялады.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу