Америкада қару сату тәртібі қатаңдатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америкада қару сату тәртібі қатаңдатылады

12.09.2022

Америкада халыққа жаппай оқ ату қылмысы өршіп барады. 9 айда осындай 478 қанды қырғын тіркеліп, ондаған адам қаза тапты. Жүздегені жарақат алды. Конгресс жақында қылмыс санын азайту үшін жастарға қару сату тәртібін қатаңдататын заң қабылдады. Бірақ, ол қаншалықты тиімді болмақ?

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Жартылай автоматты қару осылар. Енді бұларды он сегіз бен жиырма бір жас аралығындағы жастарға сату шектелмек. Жақында Байдан әкімшілігі жаңа заңды бекітті. Себебі, осы қарулармен қылмыскерлер мектептерге шабуыл жасап, жүздеген бейкүнә жанды құрбан еткен.

Жаңа заң бойынша енді қару сатып алатын жастар қатаң тексеріледі. Себебі, ел мектептердегі соңғы қанды қырғындар оқушылардың қолымен жасалды. Десе де белсенділер жастарға қару сатуды шектеу жеткіліксіз, тиым салу керек дейді.

Ненси Томпсон, белсенді:

Біз жартылай автоматты, толық автоматты қаруларды сатып алу межесін 21 жастан жоғары көтеруіміз керек. Және қару туралы заңдарды қайта қарап, мысалы, оқ жатар сыйымдылығын азайту керек. Яғни, олардың қазіргідей көп оқ салатын мүмкіндігі болмауы тиіс.

Елдегі қан құйлы оқиғалардан кейін қару сатуды шектеуді қолдайтындар қатары жетпіз пайызға жеткен. Десе де бұған қарсы жақ «әркімнің қару ұстауға құқы бар» деген конституция бабын алға тартады. Содан да болар АҚШ та қанша қырғын болса да конгресс соңғы отыз жылда алғаш рет қару сату тәртібін ішінара қатаңдатты. Оның өзінде заң 10 жылдан кейін күшін жояды. Солай бола тұра жаңа шектеулер әлі барлық штатта толық іске асқан жоқ.

Ник:

Олар шектеуді енгізуге барынша тырысып жатыр. Бірақ оның жүзеге асуы екі талай. Өйткені бұл Америка. Тыйым салса біз сата алмас едік қой.

20 жылда америкада қару өндірісі 3 есе өскен. Жалпы АҚШ әлемдегі ең қаруланған ел саналады. Жүз тұрғынға жүз жиырма қарудан келеді. Оған қолданыстағы заңдар да сеп. Мәселен, жиырма бір жасқа толмаған адам алкогольді өнім сатып ала алмаса да қару иеленуіне кедергі жоқ. Бағасы да америкалықтар үшін қымбат емес. Мысалы мына тапаншаның құны екі жүз доллар тұрса, калашников автоматы тоғыз жүз елу доллардан аспайды. Әрі сатып алушыдан көп құжат та талап етілмейді.

Ник:

Жүргізуші куәлігі немесе жергілікті билік берген жеке куәлік керек. Шет елдік болсаңыз I-94 құжатын әкелуіңіз керек. Одан кейін аңшылыққа рұқсат алу қажет. Оны қайдан алсам болады? Онлайн тапсырыс бере аласыз, 20 доллар тұрады.

Қару көп болған соң одан қаза табатындар да емес. Былтыр қырық бес мың адам оқ тиіп көз жұмса, биыл тоғыз айда отыз бір мың америкалық қайтыс болды. Десе де бұл сұмдық сандар саудаға тосқауыл емес. Мен кірген дүкеннің өзінде бір сағатың ішінде төрт адам суық қару сатып алды.

Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу