Театр костюмдерін сатылымға шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Театр костюмдерін сатылымға шығарды

04.03.2019

«Театр костюмдері сатылады, асығыңыздар!». Бельгиядағы мәдениет ошақтары осындай жарнама жасап, әртістердің сахнаға киген ескі киімдерін сатылымға шығаруда. Себебі елдегі театрлар мемлекеттен тек жартылай қаржыландырылады. Сондықтан осындай шаралар арқылы әр мекеме табыс табуға тырысады.

Жастар театры костюмдерін сатады дегенді естіген жұрт таң атпастан дүкенге ағылыпты. Құдды біреу тегін дүние таратып жатқандай, ұзын-сонар кезек көшенің соңына дейін жалғасқан. Жасы да, жасамысы да осында. Жылына бір мәрте ұйымдастырылатын жеңілдіктен құр қалмайын деп бірі жұмыстан сұранған, енді бірі арнайы еңбек демалысын алған.

Жаклин Утлей, Театр дүкенінің директоры:

- Біз бұл шараны бірнеше жылдан бері ұйымдастырып келеміз. Әртістердің ескі костюмдерін рәсуа қылып, лақтырып тастағанша, оларға екінші өмір сыйлайық деген мақсатта осылай сатылымға шығарамыз. Әрі аз-кем табыс табамыз. Өзіңіз көріп тұрғандай тұрғындар тарапынан киімдерге қызығушылық өте жоғары.

Түрлі жанрдағы спектакль кейіпкерлерінің костюмдерінен бөлек, дүкенде салтанатты балға, мерекелік кештерге киетін көйлектер, жейде-пенжектер де толып тұр. Мына киім қошқар мүйіз оюымен безендірілген қазақтың бешпентіне қатты ұқсайды.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

- Театр дүкенінің іші тым тар. 10 мың костюмның арасынан өзіңе ұнағанын, ыңғайлысын табу оңай емес. Менің тапқаным осы болды. XVII ғасырда Еуропадағы қалталылардың әйелдері осылай киінген екен. Театр тігіншілері бұл костюмды 20 жыл бұрын тіккен. Қазір сатылымға шығарды. Көйлектің бағасы - 10 еуро, бізше 4 мың теңге. Қалпақ 8 мың теңге тұрады.

Костюмдердің ең көнесі - 40 жыл, жаңасы 10 жыл бұрын тігілген. Матасы қанша сапалы дегенмен кейбірінің жыртылып, тозығы жеткені көрініп тұр. Бірақ, соған қарамастан халық таласып-тармасып алып жатыр.

Кадуи Бонго, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Мұнда бүгін бірінші рет келіп тұрмын. Ішке кіру үшін екі сағат кезекте тұрдым. Бірақ, еш өкінбеймін. Өзім әртіспін, ән айтамын. Сахнаға киіп шығатын костюм іздеп келіп едім, үстімдегіні таптым. Сәл үлкендеу, бірақ жөндетіп аламын.

Виктор Пере, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Үстімдегі Ренессанс дәуіріндегі костюм. Осыны тапқаныма қуанып тұрмын. Қалпағымен бірге кисең, өзіңді хас батыр сияқты сезінеді екенсің. Мұны мен карнавалға немесе жай көшеге қыдырғанда киюге сатып алып жатырмын. Тапсырыспен тіктірсең, өте қымбатқа түседі. Ал мынау 25 еуро тұрады. 

Киілген костюмдердің бағасы 5 еуро мен 70 еуроның аралығында. «Бұл - су тегін»,-дейді сатып алушылар. Содан болар, дүкен ашылған бір сағаттың ішінде біраз киім ілгіш босады. Жылда түк қалдырмай, талап кетеді деген театр иелері осыдан түскен қаржыға әртістерге жаңа костюм тіктірмек.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу