Еуропалық саясаткерлер Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропалық саясаткерлер Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады

18.12.2018

«Бар-жоғы 27 жыл ішінде талай асуды бағындырып, биік белестен көрінген Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы әрқашан асқақ болсын!». Бұл Еуропаның салмақты саясаткерлерінің Тәуелсіздік мерекесіне тілегі. Елдегі ахуалды сырттан бақылап отыратын сыншылардың пікірінше, Қазақстандағы ұлтаралық татулық пен толеранттылық ел дамуының басты кепілі. Аз уақытта азулы елдер санасатын дәрежеге жеткен Қазақстанның даму жолына шетелдіктер жоғары баға беруде.

Швецияның қоғам қайраткері, дипломат Рольф Экеус Қазақстанның 27 жыл ішінде бастан кешкен қиындығын, жеткен жетістігін бес саусағындай білетіндердің бірі. Қазақ азат атанып, ядролық қарудан бас тартқанда қолдау көрсетіп, өзі де жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесімен 20 жыл айналысты. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары ретінде Астанаға бірнеше рет сапарлаған ол Қазақстандағы ұлтаралық татулыққа тәнті. 83 жастағы дипломат Қазақ елінің жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін де жоғары бағалап отыр.

Рольф Экеус, швед дипломаты, саясаткер:

- Қазақстан антиядролық бастамасымен жаһанға үлгі болып қана қоймай, өз аумағында төмен байытылған уран банкін құру арқылы әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты. Әрі уранды бомба жасауға пайдаланатын лаңкестік топтардың әрекетіне тосқауыл қойып, уранды тек бейбіт мақсатта пайдалануға кепілдік беріп отыр. Қазақстан Президентінің, қазақ елінің осындай үлкен жауапкершілікті мойнына алуы - жоғарғы бағаға лайық. Дипломат ретінде Қазақстанның  Сириядағы ахуалды бейбіт мақсатта шешу үшін Астана алаңын ұсынып, тараптарды бір үстелдің басына жинауын үлкен жетістік деп айтар едім.

Қазақстанның басты жетістіктерін жарияға жар салып жүргендердің бірі - Альбер Фишлер. Француз ғалымы Қазақстанға 20 рет барып, қазақтың мәдениетін, әдебиетін, тарихын зерттеді. «Қазақстан 20 жылдан кейін» атты кітап жазды.    

Альбер Фишлер, ҚР Президентінің Бейбітшілік және келісім сыйлығының иегері, Академиялық пальма орденінің иегері, Францияның қоғам қайраткері:

- Қазақстан – Еуропа мен Азияның арасындағы көпір. Өз тарихын, мәдениетін жаңғыртып, халықаралық саясатқа белсене араласып отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың жастардың шетелде білім алуына, жалпы адам капиталына басымдық беруі - көрегенділік. Сондай-ақ, қазақ басшысының толеранттылық тұжырымдамасына әлем елдері құлақ түруі тиіс. Өзге мемлекеттер ұзақ жылдарда жете алмаған жетістікке Қазақстан бар-жоғы 20 жылдың ішінде жетті. Әлі талай белесті бағындыратынына сенімім мол.

Сарапшылар Қазақ елін жаһандық қауіпсіздіктің алтын белдеуіне балайды. Талай тар жол, тайғақты кешсе де, табанынай таймай, қиындыққа мойымай, алға қарай адымдаған елдің болашағынан зор үміт күтеді.  

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу