Бұл өнімін сыртқы нарыққа шығаратын компанияларға шетелдегі кеңселерін ашу, көрме өткізу секілді шараларға көрсетілетін көмек. Мемлекет берген осы тетікті ұстанған компаниялардың бірі - «АVAGRO» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Бұл компания Қазақстан нарығында осыдан 10 жыл бұрын пайда болды. Жылына 100-150 химиялық дәрі сепкіш қондырғыларын шығарады. Оның 10 пайызы Ресейге жөнелтіледі.
Қондырғылардың екі түрі бар, бірі тракторға тіркеледі, екіншісі жүк көлігіне орнатылады. Сәйкесінше, оның өнімділігі де жоғары.
Николай Ерохин, кәсіпорын директоры:
Ресейдің көршілес облыстарының барлығына өз өнімдерімізді саудалаймыз. Орынбор өңіріне де жөнелттік. Біздің тауарларды сыртқа шығаруға мемлекет қолдау көрсетті. Болашақта Моңғолия нарығына шығуды да жоспарлап отырмыз.
Нұржан Әміров кәсіпорын ашылған күннен бері еңбек етеді. Мамандығы жүргізуші болса да, қыс бойына слесарьлық жұмыстарды атқарады. Еңбек өнімділігі жоғары, жұмысы қолайлы, ең бастысы, жалақысы жоғары болғасын кәсібінен қол үзгісі келмейді.
Нұржан Әміров, жұмысшы:
Біздің зауытта тек қондырғыларды әзірлеп қана қоймай, егін егетін шаруашылықтарға арам шөптерді химиялық жолмен отау секілді қызмет көрсетеді. Осының арқасында еліміздің барлық облысында жүргізілетін жұмыстарға қатысамыз.
Солтүстік Қазақстан облысында «Экспорттаушы 2020» бағдарламасы аясында 12 кәсіпорын қолдау тапты. Аты айтып тұрғандай, өнімін шетелдік нарыққа шығаратын мекемелерге мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі.
Марат Ысқақов, облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы:
Бұл бағдарлама бойынша кәсіпкерлерге шетелдегі кеңселерін ұстауға, көрмелерді өткізуге, тауарлық белгіні әзірлеу мен тіркеуге жұмсалатын шығындарының 50 пайызын мемлекет төлейді. Бұл шетелдерде жұмыс істейтін компаниялар үшін өте тиімді.
Кәсіпорын жылына 300 қондырғы шығаруға қауқарлы. Бірақ, жылына тек 150 дәрілегішке ғана тапсырыс түседі. Соның өзінде елімізде қолданылатын қондырғылардың 30 пайызы осы зауыттың өнімдері.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ