Үндістанда фермерлер шеруін таратуға қару қолданылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үндістанда фермерлер шеруін таратуға қару қолданылды

02.10.2018

Қазақстанда ауыл шаруашылығына субсидия беру мәселесі талқыланып жатса, олардың үндістандық әріптестері өнімдеріне жоғары баға қоюды талап етіп көшеге шыққан. Ел астанасы Нью-Дели қаласына бет алған 50 мыңға жуық фермердің шеруі полициямен қақтығысқа ұласып, тәртіп сақшылары оларды тарату үшін көз жасаурататын газ бен су шашты. Үндістанда таяуда бидай мен дәнді-дақылдар құны күрт төмендеп, фермерлер біраз шығынға батқан екен. Соңғы деректер бойынша фермерлер ел астанасына баратын басты автомагистральды жаппақ болған. Олар қарбалас сәтте тракторларын жолдың ортасына қойып, көлік қозғалысын тежеді.

Сонымен қатар, демонстранттар электр қуатын пайдалануға жеңілдіктер жасап, шаруаларға қолайлы жағдай жасауды да талап етті. Ашынған жұрт «бұл проблемалардың өршуіне ел премьер-министрі Нарендра Модидің бұрыс саясаты жауапты» деп есептейді. Ал, оппозиция полицияны шерушілерді аямай ұрып-соғып, оларға қорлық көрсетті деп айыптап отыр.

 

Мақпал СЕРЖАНҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу