FIFA-2018. Ресейде Әлем чемпионаты қарсаңында талап күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

FIFA-2018. Ресейде Әлем чемпионаты қарсаңында талап күшейеді

23.05.2018

Биыл футболдан Әлем чемпионаты өтетін Ресейдің 11 қаласында енді шетелдіктерді, соның ішінде, Қазақстан азаматтарын да тіркеу тәртібі күшейтіледі. Биылғы 25-мамырдан 25-шілдеге дейін Мәскеу, Санкт-Петербор, Қазан, Сочи, Волгоград, Екатеринбург, Калининград, Нижний Новгород, Дондағы Ростов және Самара мен Саранск шаһарларына келген шетелдіктер 3 күннің ішінде міндетті түрде тіркеуге тұруы тиіс. Бұл ережені орындамағандарға Ресейдің көші-қон қызметі айыппұл салады. Сондықтан, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі азаматтарымызды осы талапты сақтауға шақырып отыр. Бұдан бөлек, әлемдік доп додасы өтетін кезде Ресейдің жоғарыда аталған 11 қаласына келетіндердің халықаралық медициналық сақтандыру полисі болуы шарт. Қазақ дипломаттары, сонымен қатар, азаматтарымызға, жеке куәліктен бөлек, шетелге шығуға арналған төлқұжатты да бірге алып жүруге кеңес береді.  

Жанар Колбачаева, Қазақстан Республикасының Ресейдегі Елшілігінің баспасөз хатшысы:

- Қонақжай, шипажайға келетін азаматтар белгілі. Өйткені, олардың әкімшіліктері заңның бәрінен хабардар, олар бір күннің ішінде келген азаматтарды тіркеп жібереді. Егер сіз туысқаныңызға келетін болсаңыз, Ресей азаматы міндетті түрде сізбен бірге РФ Ішкі істер министрлігінің арнайы органдарына барып, 3 күннің ішінде тіркеп береді. Бұл өзгерістер тек 11 қалаға ғана тиесілі, ал, қалған қалалар өзінің бұрынғы ережесі бойынша жұмыс істей береді.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу