FIFA-2018 футболдан Әлем чемпионатын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

FIFA-2018 футболдан Әлем чемпионатын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары көрсетеді

07.06.2018
FIFA-2018 футболдан Әлем чемпионатын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары көрсетеді

Орталық коммуникациялар қызметінде  FIFA-2018 футболдан Әлем чемпионатына орай баспасөз мәслихаты өтті. Шараға «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен  «Qazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин қатысты.

Әлемдік деңгейдегі маңызы зор беделді футбол чемпионатын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары көрсететін болады.

«Бұл біз үшін де, футболсүйер қауым үшін де өте маңызды оқиға.  Біздің көрермендер дүниежүзілік доп додасының барлық 64 матчын толығымен көре алатын болады. Сондай-ақ,  осы Әлем чемпионаты аясында бірнеше арнайы жоба көрсетуді жоспарлап отырмыз», - деді Е.Қарин.

14 маусымнан 15 шілдеге дейін әр ойынның алдында «Ресейдегі футбол тойы»  атты ақпараттық-сараптамалық бағдарлама шығатын болады. Мұнда алдағы ойындардың ерекшеліктері талданады. Сонымен қатар, өткен матчтарға байланысты күн сайын және  апталық шолулар жасалады. Ал, қазіргі сәтте эфирде «Әлем чемпионатының тарихы» атты ақпараттық-танымдық хабар жүріп жатыр. Бұл хабарда 1930-2014 жылдар аралығындағы футболдан Әлем чемпионаттарының қысқаша тарихы мен қызықты оқиғалары туралы деректер қамтылған.  

Айта кетейік, 14 маусым-15 шілде аралығында Ресейде FIFA-2018 футболдан Әлем біріншілігі өтетін болады. FIFA-ның 21-ші Әлем чемпионаты Ресейдің Волгоград, Екатеринбург, Қазан, Калининград, Мәскеу, Нижний Новгород, Ростов, Самара, Санкт-Петербург, Саранск және Сочи қалаларында өтеді.

«Qazsport» арнасына еліміздің ең мықты деген футбол комментаторларын жұмылдырып отырмыз. Арнаның тұрақты комментаторларынан басқа, сырттан шақырылып отырған білікті мамандар бар. Олардың арасында бұған дейін де бірлесе жұмыс істеген Есей Жеңісұлы, Сергей Райлян, Жігер Азбергенов, Дмитрий Мостовой, Жандос Смайылов  және тағы да басқалар бар. Сондай-ақ, кейбір матчтарды алаңнан тікелей жеткізу үшін бір топ комментаторларды сол жаққа  іссапарға жіберетін боламыз»,- деді Ерлан Қарин.

Айта кетейік, «Қазақстан» РТРК» АҚ  құрамындағы  «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары  футболдан бірден екі Әлем чемпионатын (2018 және 2022 жылдар) трансляциялауға құқық ала отырып, 6 жылға келісім жасасқан болатын.    

Әлем чемпионатының алғашқы ойыны 14 маусым күні Ресейдегі атақты «Лужники» стадионында өтеді. Топтық кезең 28 маусымда аяқталса, финалдық ойындар 15 шілде күні мәресіне жетеді.  Бұл жарысқа әлемнен ең таңдаулы 32 ұлттық құрама қатысады.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу