«Brussels Airlines» компаниясының ұшқыштары жұмысқа шықпай қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Brussels Airlines» компаниясының ұшқыштары жұмысқа шықпай қалды

14.05.2018

Бельгия астанасы Брюссель әуежайында бүгін халықаралық бағытта қатынайтын 600 әуе рейсі кейінге шегерілді. Салдарынан 60 мыңнан астам жолаушы жолдарынан қалды. Оған «Brussels Airlines» компаниясы пилоттарының жұмысқа шықпай қалуы себеп. Ұшқыштар басшылардан өз құқықтарының қорғалуын талап етуде. Айтуларынша, әуе компаниясында жүргізілген қайта құрылымдаудан кейін басшылар олардың жалақысын, еңбек демалысын қысқартып, жұмысты көбейткен. Жаңа заңнамаға сәйкес, ұшқыштар бұрынғыдай 55 жаста емес, 67 жаста зейнетке шығуы тиіс. Осыған наразылық білдірген компанияның 600 ұшқышы талап-тілектері орындалмайтын болса, сәрсенбі күні де жұмысқа шықпайтындарын мәлімдеді. Осы екі күндік ереуілдің салдарынан «Brussels Airlines» компаниясы 10 млн. евро шығынға батпақ.

Марк Жульбе, жолаушы:

- Ереуілдің кесірінен жұмысымнан қалдым. Францияның Леон қаласынан осында бір шаруаларыммен келгенмін. Бүгін қайтуым керек еді. Енді ұшқыштар жұмысқа шықпай, біздің рейсті ертеңге ауыстырды. Барлық жоспарларым күл-талқан болды. Жеке компанияның ішкі проблемасынан неге жолаушылар зардап шегуі тиіс?! 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу