Армения үкіметі үйінің маңында күзет күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Армения үкіметі үйінің маңында күзет күшейтілді

19.04.2018

Армения үкіметі үйінің маңында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Каска киіп, қалқан ұстаған жауынгерлер Ереван орталығындағы премьер-министр резиденциясы мен өзге де мемлекеттік мекемелерді қоршауға алды. Сарбаздарға әскери полиция қолбасшысы Левон Ераносян жетекшілік етеді, деп хабарлайды ТАСС агенттігі.

Күзеттің күшеюіне оппозиция жақтастарының үкімет үйін бүгін блокадаға алып, мемлекеттік қызметкерлерді жұмысқа кіргізбеу жоспары себепші. Наразылық акциясы мен қақтығыстар сәуірдің 13-де басталды.

Демонстранттар бұрынғы президент Серж Саргсянның премьер-министр болып тағайындалуына қарсылық білдіріп жатыр. Оппозиция жетекшісі Никол Пашинянның сөзінше, Саргсян ресми түрде үкіметке жетекшілік етсе де, мемлекетті әрі қарай басқаруға ниетті.

Соңғы аптада шеруге мыңдаған адам жиналды. Полициямен қақтығыс кезінде 46 адам жараланып, ондаған демонстрант тұтқындалған.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу