Еуропада киіз үйге сұраныс жоғары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада киіз үйге сұраныс жоғары

22.03.2018

Айнала тігілген ақшаңқан үйлер әз-Наурыздың сәнін кіргізіп, мерекенің көрігін қыздырып тұр. Қазақтың осы киіз үйлеріне арысы Америка, берісі Еуропада сұраныс жоғары. Қыста жылы, жазда салқын көшпелі тұрғын үйді қазір қарт құрлықта баспана ретінде сатып алып жатқандар көп. Қонақ үй жасап, одан қыруар пайда тауып отырғандар да жетерлік. Тіпті, бельгиялық компания еуропалықтардың талғамына сай әртүрлі киіз үй жасап, сатылымға шығаруда.

Қызыл, жасыл, сары түсті киіз үй. Ішінде монша, джакузи. Қарт құрлықтың тұрғындары таңдаған киіз үйлер алыстан-ақ көздің жауын алады. Ішіне кірсең шыққысыз. Жанға жайлының бәрі бар. Мадлен әжей мына суреттегі киіз үйді жас кезінде бір журналдан көріп, «осындай үйде тұрсам» деп армандапты. Арманы зейнетке шыққанда орындалды.

Мадлен Ревиер, зейнеткер:

- Қалалық өмірден, тас үйлерден әбден шаршап, былтыр осы мекенді сатып алып, көштім. Қазір менің жұмағым - киіз үй. Қыста жып-жылы, жазда салқын. Биік шаңыраққа қараған сайын еңсем көтеріліп, өмірге деген құлшынысым артады. Осындай баспаны ойлап тапқан дана халыққа алғысым шексіз.

Мадлен әжейдің киіз үйі 120 шаршы метр. Диаметрі - 8 метр. Биіктіктің есебінен жататын бөлмені бельгиялық қос сәулетші жоғарырақ орналастырыпты. 1,5 жыл бұрын «beyurt»  компаниясын ашқан Стефан мен Ян тұтынушының талғамына сай, қалаған киіз үйін тұрғызып береді.

Стефан Климовски, киіз үй жасайтын кәсіпорынның басшысы:

- Алдымен өзіме бір киіз үй жасап, сонда тұрып көрдім. Қатты ұнап қалды. Сосын өзгелер тарапынан сұраныс көбейді. Серіктесім Ян екеуміз ғаламтордан ақпарат жинап, сызбасын сызып, бірте-бірте сатылымға шығара бастадық. Орталық Азияда жел қатты. Бірақ, жаңбыр көп жаумайды. Бізде керісінше, күнде жаңбыр. Су тез ағып кету үшін, сіздердікіне қарағанда, біз киіз үйдің күмбезін көлбеу, әрі биіктеу қылып жасаймыз.

Құрылысшылар киіз үйдің шаңырағын шыны пластиктен, еденін емен мен қарағайдан жасайды. Сырты су өткізбейтін матамен жабылып, іші жылуды ұстап тұру үшін бірнеше қабат мақта, шүберекпен қапталады. Жылу мен жарықты да жүргізіп беретін өздері. 

Ян Берлемент, киіз үй жасайтын кәсіпорынның басшысы:

- 50 шаршы метрлік киіз үйді 4-5 аптада жасаймыз. Оны құруға 4-6 күн кетеді. Біз еуропалық менталитетті өзгертіп, осы жобамызбен мейлінше көп адамның жүрегін жаулауға тырысудамыз. Себебі, кірпіштен, тастан тұрғызылған үлкен баспаналар киіз үйге қарағанда электр энергиясын көп қажет етеді. Киіз үй экологиялық, экономикалық жағынан да тиімді.

«Beyurt» жасаған киіз үйлердің бағасы 15 мың мен 30 мың еуро аралығында. Бұл әдеттегі пәтерлерге қарағанда әлдеқайда арзан. Көшпенділер баспанасына сұраныстың артуының бір себебі - осы. Бұдан бөлек, экзотиканы аңсаған бай-бағландар зәулім баспанасын сатып, киіз үйге көшіп жатыр. Тапсырысты дер кезінде орындауға тырысқан Ян мен Стефан алдағы уақытта киіз үйлерден құралған қонақ үй кешенін ашуды көздеп отыр. Тағы бір діттегендері - Орталық Азияға, Қазақстанға сапарлап, көшпенділердің нағыз баспанасын, тұрмыс-тіршілігін өз көздерімен көру.

 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу