Бельгиялық кондитерлер тұңғыш рет қызыл күрең түсті шоколадтың жаңа түрін көпшілікке ұсынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиялық кондитерлер тұңғыш рет қызыл күрең түсті шоколадтың жаңа түрін көпшілікке ұсынды

07.03.2018

Бельгия астанасы Брюссельде дәстүрлі шоколад көрмесі ашылды. Осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған шараға елдегі кәмпит шығаратын 150 кондитерлік фабрика қатысып жатыр. Бір жылда 10 келі тәтті жейтін бельгиялықтардың назарын аудару үшін кәсіпорындар шоколадтан неше түрлі бұйымдар әзірлеген. Мәселен, 1958 жылғы Брюссельдегі «ЭКСПО»-ға салынған «Атомиум» кешенін жасауға кондитерлер 25 келі тәтті мен 50 сағат жұмсапты. Сондай-ақ, биыл кондитерлер тұңғыш рет қызыл күрең түсті шоколадтың жаңа түрін көпшілікке ұсынды. Какаоның «Ruby» атты түрінен жасалған өнімнің түсі, дәмі табиғи, еш қоспасыз. Сәуірде сатылымға шығарылады. Шара барысында жұрт тәттіден тігілген киім үлгілерін де тамашалады. 

Луна Эскала, турист:

- Бұл үлкен көрме. Әйгілі кондитерлік фабрикалардың бәрі осында. Соларды көру үшін, бельгиялық шоколадтың дәмін тату үшін арнайы Испаниядан келдім. Тәттілерді тегін таратып, шеберлік сабақтарын беріп жатыр.    

Руана Фонтен, Брюссель қаласының тұрғыны:

- Бұл жерде таңдау көп. Бағасы да қолжетімді. Бұған дейін біз шоколадтың ақ, қара, сүтті түрін білетін едік қой. Бүгін төртінші түрі қызыл күрең түсті шоколадты жеп көрдік. Дәмі ұнады. «Негізі жүйкең жұқармас үшін тәттіні көп жеу керек»,-  дейді ғой дәрігерлер. Сол үшін біраз шоколад сатып алдым.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу