Бельгияда мигранттарды қолдауға арналған гуманитарлық хаб ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда мигранттарды қолдауға арналған гуманитарлық хаб ашылды

19.02.2018

Мақсаты - ел астанасы Брюссельдегі Солтүстік вокзалды паналаған босқындарға көмек көрсету. Теміржол вокзалының жанындағы 800 шаршы метр ғимаратты «Шекарасыз дәрігерлер», «Әлем дәрігерлері», «Қызыл крест», «Оксфам», заңгерлер Одағы және азаматтық қоғам сынды 7 ұйым өкілдері жалға алыпты. 140 ерікті маман мигранттарға күнделікті азық-түлік, киім-кешек таратып, медициналық, психологиялық көмек көрсетіп жатыр. Елдеріндегі соғыстан, қуғын-сүргіннен қашып, Бельгияға жеткен босқындардың дені-Эритрея, Эфиопия сынды Африка мемлекеттерінен. Гуманитарлық хаб уақытша жоба. Сондықтан, еріктілер, үкімет тарапынан босқындарға арнайы орталық ашылуын талап етуде. 

Аурели Ван Ронпей, «Әлем дәрігерлері» ұйымының жауапты еріктісі:

- Гуманитарлық хабтың көмегіне күніне 200-250 адам жүгінеді. Медициналық кеңес, өзге көмектерден бөлек біз арнайы байланыс желісін ашып, босқындарды алыстағы ата-аналарымен, туыстарымен телефон арқылы сөйлестіріп жатырмыз. Ұялы телефондары болса, осы жерде қуаттап алады. Бұлар дәрменсіз, әбден қорқып қалған. Сондықтан, өздерін бейнетаспаға түсіргенді, сұхбат бергенді қаламайды. Өз құқықтарын білсін деп, қазір заңгерлер оларға заңдық кеңес беріп жатыр.  

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу