Атыраулықтар Қостанай халқына арналған гуманитарлық көмектің алғашқы легін жөнелтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулықтар Қостанай халқына арналған гуманитарлық көмектің алғашқы легін жөнелтті

05.09.2022

Атыраулықтар Қостанай халқына арналған гуманитарлық көмектің алғашқы легін жөнелтті. Өңір халқы бұл игі істе белсенділік танытып жатыр. Жағдайды тікелей байланысқа шығып тұрған меншікті тілшіміз Жандос Темірғалидан білейік. Жандос, аймақта неше пункт жұмыс істеп тұр?!

Иә, Саламат, өңірде жылу жинайтын 3 пункт ашылды. Арнайы штаб құрылды. Сонымен қатар, волонтерлік топтар жасақталды. Тұрғындар мен кәсіпкерлер кеше таңнан бері белсенділік танытып жатыр. Соңғы ақпарат бойынша, өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға түнде бас-аяғы 30 тонна гуманитарлық көмек 10 жүк көлігіне тиеліп, жіберілді. Амандық болса батыстан шыққан қайырымдылық керуені діттеген жерге жетіп қалуы тиіс.

Аманбек Құрақбай, волонтер:

Кеше түннен бастап Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі қолға алып, жан-жақты ақпараттар жүргізіліп жатыр. Көмектесу, зат тиесу деген сияқты жұмыстарды істеп жатырмыз. Жалпы Қостанаймен біргеміз. Көмек көрсетуге дайынбыз. Жастарды шақырамыз осындай қиын кезеңде қолдауға.

Бұдан бөлек, баспанасынан айырылған қостанайлықтарға көмек көрсету үшін Атырау облысы бойынша арнайы чат ашылды. Тікелей қаражат жіберем деушілерге банк шоты да ашылды. Белсенділер бір-екі күнде тағы 20 жүк көлігі жолға шығады деп отыр. Мешіттерде де өз алдына бөлек пункт ашылған. Қазір 7 аудандық мешіт пен қаладағы 3 Алла үйі тұрғындардан жылу қабылдап жатыр.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу