Түркияның жаяу әскері Сирияның солтүстігіне басып кірді

22.01.2018

«Зайтүн бұтағы» операциясының негізгі мақсаты – күрд қарулы отрядтарын Африн қаласы мен оның айналасындағы араб ауылдарынан ығыстыру. Өйткені, күрдтер АҚШ-тың және Сирия демократиялық күштерінің  көмегімен Түркия шекарасы маңында 30 мың адамдық әскер құрайын деп отыр. Анкара болса, оларды Түркияда ондаған жылдар бойы тәуелсіздік үшін күрескен Күрдістан жұмысшы партиясының жалғасы және террористер деп есептейді. Бірақ, күрдтер Афринде қарсылық көрсетіп, түрік жауынгерлерін кері шегіндіргендерін хабарлады. Бұл соғыста Түркияға Сирия оппозициясының 10 мыңдай содыры көмектесіп жатыр. Түркия осы әскери науқанды бастарда  Ресей Африннен өз жауынгерлері мен офицерлерін әскетті. Сонымен қатар, Мәскеу Анкарадан операцияны тоқтатуды талап етпек. Осылайша, Сирияда жаңа майдан ашылды. Оның нәтижесінде 800 мың адам тұратын Африн ауданында сан мың тұрғын босқынға айналып, өңірде үлкен гуманитарлық апат басталуы ғажап емес. Бұл операция Түркияның өз ішінде түрік-күрд тайталасына ұласады деген қауіп туындап отыр.

 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу