Трамп Пхеньянға ескерту жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп Пхеньянға ескерту жасады

03.01.2018

АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяға «ядролық түймешегінің» үлкен, қуатты және жұмыс істеп тұрғанын ескертті. Бұл турасында Ақ үй басшысы «Твиттердегі» парақшасында жазды. Ал, жаңажылдық жолдауында Ким Чен Ын «ядролық түймешектің өз үстелінде орналасқанын» және Американың Солтүстік Кореяға қарсы соғысты бастай алмайтынын мәлімдеген-ді. Бірақ, соңғы ақпаратқа жүгінсек, Ким Чен Ын Оңтүстік Кореямен келіссөздерді бастауға бұйрық берген. Кездесу Пханмунджом аймағында өтуі керек.

Трамптың «Твиттердегі» тағы бір жазбасына қарағанда, Құрама Штаттар Палестинаға қаржылай көмек беруді тоқтату жағын қарастырып жатыр. Өйткені, бұл автономияның әкімшілігі Израильмен бейбіт келіссөз жүргізуге ниет танытпай отыр. Бұған қоса, Трамп АҚШ-тың өзге мемлекеттерге жылына жүздеген миллион доллар көмек беріп жүргенін, алайда, мұны ешкімнің бағаламайтынын айтып, реніш білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, Трамп желтоқсанның 6-да Иерусалимді Израиль астанасы етіп жариялады. Содан бері Таяу Шығыста бейбітшілік жолындағы процестерді қайта жандандыруға мүмкіндік азайып отыр.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу