Вашингтон Ресейдің Сириядағы жеңісіне күмән келтіріп отыр. Сондай-ақ, Құрама Штаттар «ДАИШ»-тан төнген қауіп сейілген жоқ деп, Араб Республикасында мыңдаған жауынгерін қалдырды. Десек те, Мәскеу де бұл мемлекеттен кетпек емес.
Америка Құрама Штаттары Ресейдің Сириядан өз әскерін әкететіндігіне сенбейді. Сонымен бірге, АҚШ Мәскеудің осы мемлекетте «ДАИШ»-ты жеңдік деуі ертерек деп есептейді. Мұны Ақ үйдің атын атамаған өкілдері бүгін мәлімдеді.
Айта кетсек, дүйсенбі күні президент Владимир Путин ойламаған жерден Сирияға барды. Сол сапарында Кремль басшысы Ресейдің Асад армиясымен бірігіп, лаңкестік топты талқандағанын және өз миссиясын орындағанын атап өтті. Ал, президент Башар Асадтың ойынша, бұл одақтастық келер ұрпаққа өнеге болады.
Башар Асад, Сирия президенті:
- Бұл жерде Ресей де, Сирия да қан төкті. Екеуін бөліп-жармаймыз. Жүз жыл өтер, содан кейін немерелеріміз бен шөберелеріміз екі ел жауынгерлерінің қаһармандығын тарихтан оқитын болады.
Дегенмен, АҚШ-тың ресми өкілдерінің пікірінше, Сирия армиясы саны жағынан аз, күші жағынан осал. Сондықтан, сырттан қолдау болмаса, ол елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды. Ал, саяси проблемалар шешілмесе, «ДАИШ» пен өзге де қарулы топтар қайта ұйымдасып, жаңа шабуылға кірісуі мүмкін. Сол себепті, Пентагон бүгінде бұл мемлекетте 2 мыңдай жауынгер ұстап отыр.
Кейбір мәліметтерге қарағанда, биыл наурызда «ДАИШ» Сирияның 40 пайыз территориясын бақылаған. Ал, осы айдың басында оның қолында 6 пайыз ғана жер қалды. Сондықтан, бірқатар сарапшылар экстремистік топтан Сирияға төнген қауіп шамалы деп есептейді.
Хмеиди Абдуллах, саяси сарапшы:
- «ДАИШ»-тан қаншама территория азат етілді. Сондықтан, бұл топта қазір жасырынып, шабуыл жасайтын жер қалған жоқ. Осының өзі жағдайды өзгертіп отыр. Әрине, «ДАИШ» тұтқиылдан атып, жаруы мүмкін. Бірақ, ондай шабуылдарға әсері сондай ауқымды болады деп ойламаймын.
Сейсенбі күні Дағыстан астанасы Махачкала әуежайына екі ұшақ барып қонды. Олардың бортында - Сириядан оралған ресейлік жауынгерлер мен офицерлер. Бірақ, миссия осымен аяқталған жоқ. Мәскеу Араб Республикасында бір әуе, бір теңіз базасын қалдырды. Сондықтан, келешекте мұндай ұшақтар сарбаздармен кері ұшуы да ғажап емес. Өйткені, әскери сарапшылардың ойынша, Ресей үшін қазір Таяу Шығысқа қайта орнығу Асад режимінен маңызды.
Арыстан РЫСБЕК