Қазақстан VI Петербург халықаралық мәдени форумына «қонақ мемлекет» мәртебесімен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан VI Петербург халықаралық мәдени форумына «қонақ мемлекет» мәртебесімен барды

16.11.2017

Бүгін Ресейдің солтүстік астанасында 6-шы Петербург халықаралық мәдени форумы басталды. Осы шараның аясында, алдағы 3 күн бойы Петербор жұртшылығы мен шетелдік меймандар қазақтың ұлттық мәдениетімен сусындайды. Себебі, әлемнің көптеген елдері қатысып жатқан бұл форумда біздің елімізге «қонақ мемлекет» деген айрықша мәртебе берілді.

Санкт-Петербург халықаралық мәдени форумы – Ресейдегі айтулы оқиғалардың бірі. Биыл бұл шараға 70-ке тарта мемлекеттен 30 мың адам қатысып жатыр. Форум кезінде 500-ге тарта іс-шара өтеді. Мәдени форумға Қазақстан мен Жапония тарапы «қонақ мемлекет» деген арнайы мәртебемен келді. Бұл біздерге көрсетілген ерекше құрмет. Себебі, «қонақ мемлекет» мәртебесі қазақтың ұлттық мәдениетін, форумға келген қалың көпшілікке кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

Александр Журавский, РФ Мәдениет министрінің орынбасары:

- Биыл біздің форумға «қонақ мемлекет» мәртебесін алған қос мемлекет Жапония мен Қазақстан өздерінің арнайы мәдени бағдарламасымен келіп отыр. Жапония мен Қазақстанға мұндай мәртебе беру туралы шешім ел басшылығымен келісе отырып қабылданды. Мәселен, Жапонияда қазір Ресейдің мәдени бағдарламасы өтіп жатыр. Ал, Қазақстан болса біздің бұрыннан келе жатқан жақын әріптесіміз.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Қазақстан мен Ресей мемлекетінің қарым-қатынасы дүниежүзін таңқалдырып отыр. Бұл әрине, Президенттеріміздің сарабдал саясаттарының арқасы. Сонымен қатар, біздің мәдени байланыстар өте тығыз. Қазақстан үшін мұндай шараларға қатысу өте жоғарғы құрмет. Неге десеңіздер, Санкт-Петербург тек Ресей ғана емес, бүкіл дүниежүзінің мәдени орталығы деп айтуға болады.

 Петербургтегі мәдени форумға Қазақ елі үлкен делегациямен келді. Бағдарлама да ауқымды. Мәселен, «Астана балет» театры «Ұлы даланың мұрасы» деген арнайы қойылым әкелді. Ал, «Қазақконцерт» ұжымы ұлттық музыкамызды көпшілікке таныстырады. Бұдан бөлек, отандық режиссерлердің фильмдері де арнайы көрсетіледі. Сонымен қатар, Қазақстаннан келген мәдениет саласының мамандары түрлі конференцияларға қатысып, әлемдегі мәдени тенденциялар төңірегінде пікір алмасады. Ал, осы айтылғаннның барлығы, әлбетте, Ұлттық арнаның назарында болмақ.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу