Әлемде 2016 жылы 125 млн адамға гуманитарлық көмек қажет болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде 2016 жылы 125 млн адамға гуманитарлық көмек қажет болады

08.12.2015
Әлемде 2016 жылы 125 млн  адамға гуманитарлық  көмек қажет  болады
Әлемде 2016 жылы 125 млн  адамға гуманитарлық  көмек қажет  болады

БҰҰ келер жылы әлемде гуманитарлық көмекке мұқтаж болатын адамдар санының 125 млн-ға жететіндігін анықтаған. Осыған байланысты гуманитарлық жұмыстар үшін қосымша 20,1 млрд доллар қажет болып отыр.

БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер бойынша орынбасары Стивен О\'Брайен Женевада өткен баспасөз мәслихатында Біріккен ұлттар ұйымы халықаралық қауымдастыққа өтініш айтқанын мәлімдеді. Яғни, гуманитарлық мақсат үшін 20,1 млрд доллар сұрап отыр. Бұл қаржы 87 млн адамға гуманитарлық көмек көрсету үшін жұмсалады.

БҰҰ-ның гуманитарлық көмек көрсетуге қатысты жаңа жоспарына сәйкес 2016 жылы ұйым әлемнің 37 мемлекетінің халқына қолдау көрсетуді көздеп отыр. Әсіресе, Сирия, Ирак, Оңтүстік Судан мен Йемен халқына гуманитарлық көмек көрсету алдыңғы қатарда тұрса керек. Алайда, әлем елдерінің БҰҰ-ның гуманитарлық шараларына қаржы бөлуі көңілден шықпай тұр. Бұл мәселе туралы Стивен О\'Брайен өз мәлімдемесінде ашық айтқан.

Оның айтуынша БҰҰ ұйымы бұрын соңды әлем елдерінен осыншама көлемде қаржы сұрамаған көрінеді. «Біздің бұл өтінішіміз осыдан 10 жыл бұрын сұраған қаржымыздан бес есе көп. Әрі біз сұраған ең көп қаржы осы»,- деді ол.

БҰҰ-ның гуманитарлық құрылымдары 2015 жылы қаржының жетіспеушілігін қатты сезінген. Биыл гуманитарлық көмекті дұрыс ұйымдастыруға 10,2 млдр доллар жетіспеген көрінеді. Ал, әлем елдерінің ұйымның гуманитарлық жұмыстарына арнап бөлуге тиіс қаржысы есепшотқа толық түспеген. Тек жоспарланған қаржының 40 пайызы ғана ұйымға берілсе керек. Сол себепті, БҰҰ гуманитарлық көмек көрсету миссиясын дұрыс орындай алмай отыр.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу