Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бүгін Хром қосындылары зауытының ұжымымен кездесті. Қызметкерлер өздерін толғандырған сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.
Мәселен, олардың бірі - зиянды қоспалармен жұмыс істейтін кәсіпорын жұмысшылары үшін зейнет жасын қайта қарауды ұсынса, тағы бір маман жалақысы аз болғандықтан, мемлекеттік бағдарламамен пәтер алудың мүмкін еместігін алға тартты. Халық қалаулылары бұл мәселені ақылдасып шешуге болатынын айтты. Яғни, алғашқы жарна ретінде жергілікті атқарушы органдардың есебінен сертификаттар бөлуді ұсынды.
Мәжіліс депутаттары бұған дейін облыстың бірнеше ауданын аралап, ауыл халқының да талап-тілектерін естіп келді.
Бейбіт Мамраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ауылда нақты көтерілген мәселелер – малды есепке алу, атаулы әлеуметтік көмек мәселелері. Барлық кездесулерге аудан әкімдері де қатысты.
Қызылордадағы арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығынан соңғы үш жылда 30 адам сауығып, өз отбасына қосылды. 34 науқас өзіне-өзі қызмет көрсете алатын жағдайға жетті, 69 адамның дене қимыл қозғалысы жақсарды. Ал, 15 науқас аяғынан тік тұрды. Бұл - өте жақсы көрсеткіш. Сыр өңірінде жұмыс сапарымен жүрген Мәжіліс депутаттары орталықтың жұмысын оң бағалады. Дәл қазір мұнда 150 адам ем алып жатыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, балаларға медициналық, әлеуметтік көмектер көрсетіледі.
Нұржан Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мемлекет біраз көмек көрсетіп жатыр. Бюджеттен қаражат бөлініп жатыр. Одан басқа тағы да жергілікті кәсіпкерлер көп көмек көрсетеді екен. Ол енді керемет нәрсе. Біздің бизнестің де әлеуметтік жауапкершілігі деп санаймын.
Жақсыбек Кемал, Ақерке Берікбекқызы