Асқар Мамин Ереванда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин Ереванда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысына қатысты

30.04.2019

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді. Жиынға одаққа мүше елдердің Үкімет басшылары қатысты. Онда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасындағы сауда-экономикалық пен кедергілерді жоюға қатысты 13 мәселе қаралды.

Сондай-ақ, Үкімет басшылары ұйымның өткен жылғы жұмысын қорытындылады. 2018 жылы одақ елдерінің жалпы ішкі өнімі 2,5 пайызға, өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,1 пайызға артқан. Асқар Мамин өз сөзінде бұл қарқынды төмендетпей, туындаған кедергілерді жоюдың маңыздылығын атап көрсетті.

Кеңес қорытындысы бойынша одақ аясында цифрлық сауданы дамыту және транзиттік тасымалды қадағалау жүйесін енгізу секілді мәселелер де қаралды. Ұйым елдерінің Үкімет басшыларының келесі жиыны биыл 9 тамызда Қырғызстанда Шолпан-Ата қаласында өтеді.

 Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Өткен жылы одақ елдерінің өзара сауда-саттық көлемі 9,2 пайызға өскен. Бізге биыл да осындай қарқынды сақтап қалу керек. Кедергілерді қанша азайттық дегенмен, әріптестікті тежейтін мәселелер жоқ емес. Оларды шешу арқылы біз қарым-қатынасымызды одан да жоғары деңгейде дамыта аламыз.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу