Мәжіліс депутаттары елордадағы «Асыл бөбек» балабақшасына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс депутаттары елордадағы «Асыл бөбек» балабақшасына барды

30.04.2019

«Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракция мүшелері балабақшада тәрбиеленіп жатқан бөбектердің жағдайымен танысты.

Мамандандырылған мекеме ерекше қамқорлықты талап ететін балалардың әлеуметтік бейімделуіне бағытталған. Бақшада 155 бала бар. Тірек-қимыл аппараты бұзылған, сөйлеу қабілеті мен психикалық дамуы тежелген балғындарға емдеу-сауықтыру, педагогикалық көмек көрсетіледі. Мекемеде бұған толық жағдай бар. Арнайы ЛВК, сенсор бөлмесі, монтессори кабинеті, бассейінге дейін қарастырылған. Өте ауыр жағдайда келген балалардың 30 пайызы аяғына тұрып кеткен. Осы кезге дейін бақшадан түлеп ұшқан 220 баланың 60 пайызға жуығы жалпы білім беретін мектепте оқиды. Бұған көңілі толған депутаттар бақшаның қызметкерлеріне өз алғыстарын жеткізді.

Ирина Унжакова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біз мемлекеттен әлеуметтік саланы дамыту үшін миллиондаған қаржы бөлеміз. Кейде соның нәтижесі көрінбей жатады. Ал, мына жерде нақты дәлел бар. Бақша түлектерінің 58 пайызы аяқтарына тұрып, өз қатарластарымен мектепке барған. Бұл - жан-тәнімен жұмыс істеген білікті мамандардың еңбегінің арқасы.

Осындай кезедсу Павлодарда да өтті. Онда халық қалаулылары кардиологиялық орталықта болып, еңбек ұжымымен кездесті. Денсаулық сақтау, білім беру салалаларындағы реформалаудың тиімділігі жайлы айтып берді. Бүгінгі таңда Мәжілісте көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға қатысты заңға түзету енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Мәселен, баспана кезегіне тұру үшін олар біраз жеңілдіктерді пайдалана алады. Ал, еліміздің медицинасын дамытуға алдағы үш жылға бір триллион, 100 млрд теңге қаржы бөлу қарсытырылған. Қазірдің өзінде ауруханалар мен емханаларды құрал-жабдықтармен қамту, еңбекақы төлеу бойынша нәтиже бар.

Глеб Щегельский, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Дәрігерлер 1 млн  теңгеге дейін еңбекақы алады екен. Біз медбикелер қанша алады деп сұрадық. 150 мың теңге. Мен ойлаймын бұл өте жақсы. Дәл осы кардиорталықта кезек күтіп тұрған адамдар жоқ. Дәрі-дәрмек жеткілікті дейді. Демек, сырқат адамдарды емдуеге жағдай бар деген сөз.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу