Асқар Мамин Мәскеуде Дмитрий Медведевпен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин Мәскеуде Дмитрий Медведевпен кездесті

25.04.2019

Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Премьер-Министр Асқар Мамин ресейлік әріптесі Дмитрий Медведевпен кездесті. Тараптар шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарда, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, отын-энергетикалық және ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мен кеңейту мәселелерін талқылады.

Қос елдің Үкімет басшылары аймақаралық және шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың келешегін де пысықтады. Кездесудің соңында тараптар КамАЗ көлігі үшін техника және оның құрамдас бөлшектерін Қазақстан аумағында өндіру жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұдан бөлек «Кировец» маркалы тракторлар мен оның қосалқы бөлшектерін «Агромашхолдинг KZ» акционерлік қоғамының базасында шығаруды ұйымдастыру жобасын іске асыратын жол картасы да бекіді.

Асқар Мамин ҚР Премьер-Министрі:

- Біздің қарым-қатынасымыз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин белгілеп берген стратегиялық бағыт бойынша барлық салада қарқынды дамып жатыр. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарында да маңызды келіссіөздер өтті. Бүгінгі кездесу сол келісімдерді іске асыру жайын талқылауға жақсы мүмкіндік береді. Қазақстан әрдайым екі елдің байланыстарын тату көршілік және өзара тиімді негізде дамытуға мүдделі.

Дмитрий Медведев, РФ Үкіметінің төрағасы:

- Бүгінгі таңда Қазақстанның алдында және жалпы Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында бәріміздің алдында тұрған міндеттерді іске асыру жолында, Сізге сәттілік тілеймін. Және әлбетте, елдеріміз арасындағы үлкен бағдарламаларды табысты жүезеге асыруыңызға тілектеспін. Біз бұған дейін де Еуразиялық одақ аясында және екіжақты деңгейде де тұрақты түрде сөйлесіп тұрдық. Енді алдағы уақытта да қоян-қолтық жұмыс істейміз.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу