«Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумына дайындық қызу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумына дайындық қызу

25.04.2019

Ертең Қытай астанасы Бейжің қаласында «Бір белдеу, бір жол» халықаралық форумы басталады. Оған 40 елдің мемлекет басшысы қатысады. Осы жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасайды.

«Бір белдеу, бір жол» - бұрынғы Ұлы Жібек Жолының жалғасы. Жоба жайлы алғаш рет идеяны Қытай төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы Астанаға ресми сапармен келгенде Назарбаев университетінде дәріс оқып тұрып айтып еді. Содан бері 6 жыл өтті. Негізгі көздегені елдер арасындағы сауда экономикалық, транзиттік байланыс, қаржы орталықтарын құрып, алыс берісті арттыру.

Қытай соңғы жылдары әлемдік экономиканың локомотивіне айналғаны рас. Бұл елмен ынтымақтастық орнатуға асыққан мемлекеттер қатары да көбейіп келеді. Жиынға әлемнің 110 елі, Азия мен Еуропаның, Латын Америкасының 40 көшбасшысы қатысады деген болжам бар. Олар екі күн бойы жаһандық экономикаға жан бітірудің жолдарын талқыламақ. Форум басталмас бұрын біз қытайлық сарапшылардың осы жиынға қатысты пікірін білген едік, тыңдап көрейік.

Чжан Нин, ҚХР Қоғамдық академиясының Орталық Азия елдері бойынша сарапшысы:

- «Бір белдеу, бір жол» жобасына қатысушы елдердің саны артып келеді. Өткен 6 жылдың ішінде барлық мемлекеттермен байланыс күшейтілді. Бұл жерде бір нәрсені түсіну керек. Қытай велосипед ойлап табамыз деп жүрген жоқ. Керісінше барлық мемлекеттердің даму стратегиялық жобаларын толықтыруға күш салуда. Мысалы, Қазақстанда «Нұрлы жол» бағдарламасы бар. Ол «Бір белдеу, бір жол» жобасын толықтырып отыр.

Ұлы Жібек Жолының қазақ топырағын да басып өткенін ескерсек, бұл форумның біздің ел үшін маңызы зор. Қазақстан - транзитті мемлекет. Батыс Еуропа-Батыс Қытай тасжолы соның бір айғағы. Халықаралық форумға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, баяндама жасайды.

Лю Хуацинь, ҚХР Халықаралық сауда-экономикалық орталығының сарапшысы:

- Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығына, «Бір жол, бір белдеу» идеясының жүзеге асуына қосқан үлесі зор. Қазақстан трансқұрлықтық жүк тасымалын ұйымдастыруда өте белсенді. Өзгелерге қарағанда көш басында тұр. Еуразия аймағы - батыс пен шығысты байланыстыратын алтын көпір. «Бір белдеу, бір жол» жобасы жұмыс істегеннен бері қарапайым халық оның игілігін көре бастады. Олар бір-біріне жақындай түсті.

Халықаралық форумға 40 елдің бұқаралық ақпарат құралдарының 4 мыңға жуық өкілі келді. Олардың ішінде біз де бармыз. Форумның ашылуы ертеңге жоспарланған.

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу