«Nur Otan» партиясы президенттік сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне атсалысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» партиясы президенттік сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне атсалысады

22.04.2019

«Nur Otan» партиясы алдағы Президент сайлауына барынша белсенді қатысып, оның ашық әрі әділ өтуіне атсалысады. Бұл туралы бүгін партия саяси кеңесінің отырысында айтылды. Сондай-ақ жиынға партияның кезектен тыс ХІХ съезінің делегаттары қатысып, съездің жұмыс органдарының құрамы пысықталды.

Басқосуда талқыланған басты мәселе алдағы үлкен саяси науқанға дайындық. «Nur Otan» партиясы 20 жылдың ішінде елдегі ең ірі, жетекші саяси күшке ие партия ретінде танылды. «Сондықтан сайлаудың өту барысына ерекше дайындықпен келеміз», - деп отыр саяси ұйым мүшелері. Ал, партияның жұмысы әуелі қарапайым халықтың әлеуетін арттыруға, еліміздің экономикалық-саяси ұстанымын сабақтап, сүйемелдеуге бағытталған. «Сондықтан қолға алынған бастамалар бұрынғыша жалғаса береді», - деді партиялықтар.

«Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсыну туралы мәселені партияның ХІХ съезінің қарауына енгізу туралы ұсынысты қолдап, көтерілген мәселе бойынша қаулы қабылданды.

Мәулен Әшімбаев, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Партия сайлауға өз кандидатын ұсынауға дайын. Оны ертең партияның төрағасы жариялайды және съезд барысында бұл мәселе толық талқыланады. Бұл - біз үшін және жалпы халық үшін өте маңызды қадам.

Партия жұмысының және алдағы саяси науқанның ел үшін маңыздылығын атап өткен Мәулен Әшімбаев барлық әріптесін сайлауға барынша белсенді қатысуға шақырды.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу