«Әлеуметтік қамқорлық» шараларын түсіндіру тобы Алматы облысына жұмыс сапарымен барды (Толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әлеуметтік қамқорлық» шараларын түсіндіру тобы Алматы облысына жұмыс сапарымен барды (Толығырақ)

16.04.2019

Халықты «Әлеуметтік қамқорлық» шараларымен ақпараттандыру тобының Алматы облысына жұмыс сапары басталды. Үкімет өкілдері Талдықорған өңірінің тұрғындарына әлеуметтік бағдарламалардың әрбір тармағын баяндап, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек түрлерін түсіндіруде.

Ербол Мәндібек, тілші:

- Алматы облысында 60 мыңға жуық аз қамтылған отбасы бар. Көпбалалы аналардың саны 40500. Жұмыссыздар 50 мыңға жетеқабыл. Міне, осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік тұрғыда қолдаудың жол картасы жасалған. Оның жалпы сомасы 3 млрд 380 миллион теңгені құрайды. Қаражатты мерзімді әрі тиімді игерудің кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Жетісу жеріне арнайы келген Үкімет өкілдері Елбасының тапсырмасы бойынша орындалып жатқан жұмыстар тізбегімен танысты.

Азаматтар атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыруда. Қызмет көрсету мекемелері жедел тәртіппен жұмыс істеуде. Көпбалалы аналар үшін қоғамдық көлікте жүру тегін. Осы санаттағы отбасылардың балаларын мектептерде тегін тамақтандыруға 450 миллион теңге бөлінген. 300 отбасыға 1 миллион теңгеден тұрғын үй сертификаты берілуде. Қосымша тұрғын үй құрылысына 600 миллион теңге, көгілдір отын қосуға 500 миллион теңге бөлінген. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың кәсіп бастауына жалпы сомасы 500 миллион теңге грант қарастырылған.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың айтуынша, Алматы облысында мектеп тапшылығы азайып келеді. Әсіресе, үш ауысымда жұмыс істейтін білім мекемелерінің саны қысқаруда. Мәселен, мына мектеп соңғы үлгіде салынған. IT сыныптар мен робототехника үйірмелері бар. Алдағы үш жылда осыған ұқсас 11 мектеп қолданысқа берілмек.

Елімізде медицина сапасын арттыруға айрықша назар аударылуда. Министр Елжан Біртанов осы өңірдегі атқарылып жатқан шаруалармен танысты. Бұл облыста да маман тапшылығы байқалады.

«Әлеуметтік қамқорлық» шаралары жалпы халықпен кездесуде жан-жақты түсіндірілді. Елбасының тапсырмалары бұл өңірде жоспарға сәйкес мерзімді іске асырылуда. Талдықорған жұртшылығы мемлекеттен көрсетіліп жатқан көмек үшін билік өкілдеріне алғыс айтып тарқасты.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу