«Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінің кезектен тыс XIX съезін шақыру туралы қаулыға қол қойды. Съезд Нұр-Сұлтан қаласында 23 сәуірде өтеді. «Nur Оtan» партиясы кезектен тыс съезге әзірлігін бастап кетті.
Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау үшін оның орынбасары Мәулен Әшімбаев жиын өткізді. Орталық аппаратта өткен отырыста кезектен тыс съезге дайындық мәселелері талқыланды. Партияның өңірлердегі филиалдарына елордада өтетін съезге қатысатын делегаттарды таңдау тапсырылды. Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев сайлауалды науқаны басталған соң, «Nur Otan» елдің жетекші партиясы ретінде саяси додада белсенді болуы тиіс екенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Жалпыхалықтық дауыс беру билік институттарын нығайтып, бағытты айқындауға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстан қоғамы үшін ғана емес, сенімді серіктестеріміз бен инвесторларымыз үшін де маңызды. Мұндай жағдайда «Nur Otan» Елбасының бағдарын сақтауға кепілдік береді.
Альбина ӘШІМ