Қазақ дипломаттары Германияда жол ережесін жиі бұзған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ дипломаттары Германияда жол ережесін жиі бұзған

08.04.2019

Қазақстан дипломаттары Германияда ТОП-5 тізімге еніп отыр. Алайда себеп жағымсыздау. Немістің Bild басылымы Германияда жол ережесін жиі бұзатын шетел өкілдерінің рейтингін жариялаған. Көшті АҚШ өкілдері бастап тұрса, екіншісіне Грекия дипломаттары жайғасқан екен. Көршіміз Ресей мен Йемен дипмиссиялары да бестікке кірген. Тізімді бекіткен қазақ дипломаттары өткен жылы Берлинде 21,7 мың рет жол ережесін бұзыпты.

Неміс газетінің ақпаратына қатысты СІМ-нің ресми өкілі өз пікірін білдірді. Айбек Смадияровтың айтуынша, заңбұзушылықтардың ішінде өрескелі жоқ. Сондай-ақ министрлік өкілі айыппұлдар бюджет есебінен өтелмейтінін, әр ереже бұзушы өзі төлейтінін алға тартты.

Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:

- Соңғы жылдардың ішінде біздің Қазақстан дипломаттарымен Германия аумағында ешқандай да автокөлік апаттары болған жоқ. Тек қана сол паркинг пен жылдамдықты асыруы болмаса, басқа ешқандай проблема жоқ ол жерде.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу