Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдердің есебін сынға алды

12.02.2019

«Баяғы жартас сол жартас». Бүгін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдердің есебін сын-садаққа алды. Жергілікті атқа мінерлердің «баянды» баяндамасына сенсек, жер-жердегі су тасқыны мен өртке қарсы жұмыстар тыңғылықты орындалған. Яғни, еш қауіп жоқ. Алайда, бұған дейін Ішкі Істер министрі болған Қалмұханбет Қасымовтың мәліметіне сәйкес, Қазақстанда бірқатар елді мекенде су тасуы мүмкін. Бүгін Үкіметтің кезекті отырысында су тасқыны мен өрт қауіпсіздігінен қорғауға қатысты жұмыстар пысықталды.

Алда көктем, көптің көңілі алаң. Себебі, күн жылынса, су тасқыны мен сел жүру қаупі күшейеді. Биыл да қызылсу бірқатар өңірді әбігерге салуы мүмкін. Бұрынғы Ішкі істер министрінің мәліметінше, 500-ден астам елді мекенді су басу қаупі тұр.

Қалмұханбет Қасымов, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

- Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайлар қаупін азайтуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Ағымдағы жылы 505 елді мекенді су басу қаупі тұр. Негізінен, олар мына облыстарда:  Алматы – 75, Шығыс Қазақстан – 76, Ақмола – 46, Ақтөбе – 35, Қарағанды – 33, Қызылорда – 31, Қостанай – 52, Павлодар – 14, Солтүстік Қазақстан – 18.

Аталған өңірлерден 3 млн. текше метрден астам қар шығарылған. Алайда, ол су тасқынының алдын алуға жеткіліксіз болып тұр. Себебі, елдегі бірқатар өзенде қар көлемі әдеттегіден көп. Яғни, 10-нан 110 пайызға дейін жоғары. Ал, қар әлі де жауып жатыр.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

- Жазық өзендерде топырақтың күзде ылғалдануы су көлемінің артуына себеп болады. Бұл Қарағанды облысындағы Нұра және Шерубайнұра өзендерінің бассейндерінде нормадан 100 пайызға жоғары, Ақмола облысының Есіл, Сілеті, Шағалалы, Жабай және Қалқұтан өзендерінің бассейндерінде 68 пайызға жоғары. 

Республикалық маңызы бар тасжолдар да қатаң бақылауда болады. Бүгінде су басу қаупі бар жерлердің тізімі түзілген. Арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, қызылсудың алдын алу жөніндегі комиссия да құрылған.     

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрі:

- 1 ақпаннан бастап тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды және күн сайын жолдар мен жол құрылыстарын патрульдеу жүргізіліп, су тасқыны қаупі бар 472 учаскі, 713 құбыр мен 83 көпір бақылауға алынды.

Өңірлердегі су тасқынына дайындық жұмыстары да пысықталды. Әкімдер баяндама жасады, «кемшілік жоқ, бәрі керемет», деді. Алайда, Бақытжан Сағынтаев құрғақ сөзбен ауыз сүрткен атқамінерлерді сынап тастады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Жиналысқа дайындалған кезде былтырғы атқарылған жұмыстың бәрін айтып өтпей, нақты мәселелерді баяндау керек. Былтырғы болған жағдай бітті. Қазіргі уақытта қандай мәселелерді шешуіміз керек? Бәрін айтамыз. «Баяғы жартас, бір жартас» деген қазақта сөз бар. Су тасқыны келеді, судың астында қалады. Қыс келеді, үйлер өртеніп жатады. Ал, бәріңіздің баяндамаларыңыз керемет. Жаңа министрлер қандай кемшіліктер барын айтты, сол жөнінде жауап беру керек.

Барлығына ортақ ендігі міндет мынау: тасқынды болдырмау және жою үшін жол картасын әзірлеу, жұмысты жүйелі үйлестіру, өзен-көлдердің маңына шоғырланған халықты қауіпсіз жерге көшіру, қауіп төне қалған жағдайда ел-жұртты уақытылы хабардар ету. Ал, төтенше жағдай бола қалса, шұғыл шара қолдану қажет.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

- Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін жылыту маусымы аяқталғанға дейін қатаң бақылауды қадап тапсырды. Әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүгедектер мен қарттар тұратын үйлер жіті назарда болуы тиіс. Айта кетейік, тек өткен бір айда 18 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Оның 5-уі бала.

Айтпақшы, Үкіметтің бүгінгі отырысында өрт қауіпсіздігіне салғырт қараған бірқатар лауазымды тұлғаларға, атап айтар болсақ, ІІМ орынбасары мен Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасына қатаң сөгіс жарияланды. Ал, Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары қызметінен босатылды.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу