Бақытжан Сағынтаев баяндама жасаған әкімдерді сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақытжан Сағынтаев баяндама жасаған әкімдерді сынға алды

12.02.2019

Бірқатар әкім су тасқыны мен өртке қарсы шаралар қабылдамаған. Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осы бағытта атқарылған жұмыстарын баяндаған әкім-қараларды сынға алды. Себебі, жергілікті атқамінерлердің былтыр атқарған жұмыстарында еш мін жоқ. Барлығы қалтқысыз орындалған. Бірақ, алдағы көктемге қарсы нақты мәселелер қарастырылмаған. Премьер-министрдің қытығына тигені де осы.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:

- Жиналысқа дайындалған кезде былтырғы атқарылған жұмыстың бәрін айтып өтпей, нақты мәселелерді баяндау керек. Былтырғы болған жағдай бітті. Қазіргі уақытта қандай мәселелерді шешуіміз керек? Бәрін айтамыз. «Баяғы жартас, бір жартас» деген қазақта сөз бар. Су тасқыны келеді, судың астында қалады. Қыс келеді, үйлер өртеніп жатады. Ал, бәріңіздің баяндамаларыңыз керемет. Жаңа министрлер қандай кемшіліктер барын, сол жөнінде жауап беру керек.

Үкімет басшысының айтуынша, өткен істі тізбелеудің орнына, нақты қандай тексерістер жүргізіліп, қандай іс-шаралар қабылданатыны маңызды. Осы ретте,  Бақытжан Сағынтаев Ішкі істер министрлігі мен әкімдерге өңірлердегі өрт қауіпсіздігі мен су тасқынынан қорғау жұмысына ерекше көңіл бөлуді қадап тапсырды. Тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі жылыту маусымы аяқталғанға дейін қатаң бақылануы тиіс. Әсіресе, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, мүгедектер мен қарттар тұратын үйлер жіті назарда болған абзал. 

Айтпақшы, Бақытжан Сағынтаев өрт қауіпсіздігіне салғырт қараған бірқатар жауапты тұлғаларға сөгіс жариялады. Атап айтар болсақ, ІІМ орынбасары Юрий Викторович Ильинге және Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккерге қатаң сөгіс жариялады. Ал, Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Тұзақбаевты қызметінен босатты.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу