Нидерланд Қазақстанмен барлық салада ынтымақты арттыруға мүдделі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нидерланд Қазақстанмен барлық салада ынтымақты арттыруға мүдделі

27.12.2018

Қазақтың азаттығын алғашқылардың бірі болып мойындаған корольдік елдің жаһандық бастамаларына да әркез қолдау көрсетіп келеді. Еліміздің Нидерландтағы елшілігі бір жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, Гаагада басқосу ұйымдастырды. Шараға Нидерланд үкіметінің мүшелері, қоғам қайраткерлері мен саясаткерлер қатысып, Қазақстанның тың бастамаларын жоғары бағалады.

Қазақстан мен Нидерланд қатынасы үшін ит жылы жемісті болды. Қос елдің кәсіпкерлері Астана мен Гаагада өткен бизнес форумдарға жиі қатынап, екіжақты сауда-экономикалық қатынасты арттыруға сеп болды. Корольдік кәсіпкерлері Тәуелсіздік жылдары қазақ экономикасына 80 млрд. доллар инвестиция құйған. Былтыр бір жыл ішінде екеуара сауда айналымы 5 млрд. долларды құрады.

Мағжан Ілиясов, Қазақстанның Нидерландтағы елшісі:

- Біздің ел - Нидерландтың Орталық Азиядағы басты серіктесі. Ал, Нидерланд біздің экономикамыз үшін басты инвестор және негізгі сауда серіктесіміз. Екіжақты қатынас барлық салада қарқынды дамып келеді. Нидерланд кәсіпкерлері Қазақстанға көптеп келіп, біріккен кәсіпорын ашып, технологияның дамуына, жергілікті мамандарды оқытуға инвестиция құйса дейміз. Себебі, олардың қазақстандық серіктестерімен бірігіп шығарған өнімдері тек біздің нарықта ғана емес, Еуразиялық Экономикалық Одақ, Қытай нарығында сатылады.

Биыл көктемде Қытайға Амстердамнан Қазақстан арқылы алғашқы жүк пойызы қатынай бастады. Соның арқасында  кәсіпкерлер тауарын Қытайға жөнелтіп, Ұлы Жібек жолының игілігін көріп жатыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында мыңдаған шақырым теміржол мен автомагистральдар салып, Тынық мұхитымен Еуропаның арасын жақындатқан Қазақстанға голландықтардың алғысы шексіз. Қазақ елінің Сириядағы ахуалды реттеп, аймақтық, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін де сарапшылар жоғары бағалап отыр.

Руард Ганзевурт, Нидерланд парламенті сенатының депутаты:

- Мен биыл Астанадағы әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне қатыстым. Қатты ұнады. Түрлі дін өкілдерінің, саясаткерлерінің басын қосып, осындай рухани шара өткізу - Қазақстанның керемет бастамасының бірі. Себебі, бұл - бейбітшілік пен толеранттылықтың ғасырлық құндылықтарын дәріптеу алаңы.

Питер Буйс, Нидерландтың әлемді зерттеу медициналық қауымдастығының  төрағасы:

- Елшілеріңіз жиында жаһан үшін өте өзекті мәселелерді көтерді. Соның бірі -   ядролық қару қаупі. Әлемге үлкен қауіп төндіріп тұрған ядролық қаруға, ядролық державалар арасындағы қақтығыстарға тосқауыл қою үшін бәріміз күш біріктіруіміз керек. Яғни, Қазақстанның антиядролық бастамасын барша әлем қолдауы тиіс.

«Құбыжық бейне, күл-талқаны шыққан елді мекен». Ядролық тажалдың зардабын тартқан қазақтың қасіретін жиналғандар фильмнен, көрмедегі суреттен тамашалады. Нидерланд биыл Қазақстанмен бірге БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде жемісті жұмыс атқарып, қазақ елінің антиядролық бастамаларына біраз қолдау көрсеткен-ді. Қос тарап келер жылы да екіжақты ынтымақты арттырып, ғаламдық түйткілді мәселелердің түйінін шешуге атсалыспақ ниетте. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу