Миланда өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің отырысында делегаттар мынандай мәлімдеме жасады:
Батыс пен Шығыс арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, халықаралық ұйымдардың ынтымағын біріктіруге бағытталған Президент Н. Назарбаевтың бастамаларын жаһан жұрты қолдауы тиіс.
Батыс пен Шығыс арасындағы өзара сенімді күшейтуге қатысты ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері, делегаттары өз талап-тілектерін жеткізді. «Қазақстанның, Президент Н.Назарбаевтың тың ұсыныстары бәрінен де өміршең»,-дейді басқосуға қатысқандар.
ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Георгий Церетели:
Мен қазақ Президенті Н.Назарбаевтың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін 2020 жылы Астанада өткізу туралы ұсынысын қолдаймын. Ұйымды күшейтуге бағытталған жоғарғы деңгейдегі мұндай саяси диалогты, мүмкіндікті ұйым басшылығы қалт жібермейді деген сенімдеміз. Себебі, қазіргідей күрделі кезеңде ұйымның өзектілігін арттыру өте маңызды.
Ламберто Занньер ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары:
Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына өте сәтті төрағалық етті. Әрі 2010 жылы Астанада өткен ұйымның соңғы саммитінде қабылданған тұжырымдамалар қазір де өзекті. Еуразия аймағына қарай кеңею бастамасы – құптарлық. Өйткені, жаһандық проблемалармен біз жалғыз күресе алмаймыз, күш біріктіру арқылы ғана нәтижеге қол жеткіземіз.
Жүзеге асыруға болатын ортақ жобаларды еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастаған қазақстандық делегация өкілдері Миланда бірқатар екіжақты кездесулер аясында талқылады.
Нұрсұлу ҚАСЫМ