ЕҚЫҰ Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тың бастамаларын қолдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕҚЫҰ Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тың бастамаларын қолдайды

07.12.2018

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қазақ елі мен Президент Н.Назарбаевтың әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тың бастамаларын қолдайды. Ұйымның бас хатшысы Томас Гремингер Миланда өтіп жатқан ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің отырысы аясында арнамызға берген эксклюзивті сұқбатында осылай деді. Бас хатшы Президенттің өңірлік қақтығыстарды реттеу және бейбітшілікті нығайту ісіндегі рөлі мен үлесін ерекше атап өтті. Томас Гремингер Н.Назарбаевтың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының күшін біріктіруді құптайды. «Үш ұйымның қатынасын жаңа деңгейге көтеретін кез келді»-деп мәлімдеген бас хатшы ұйымның жұмысын жүргізуде қазақ елінің тәжірибесі мен көмегі орасан болатынын алға тартты. 

Томас Гремингер, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы:

Қазақстан тек аймақтағы ғана емес, жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып, Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналды. 2010 жылы қазақ елі ұйымдастырған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, онда қабылданған құжаттар, Еуроатлантика, Еуразия қауымдастықтарының қауіпсіздігі мәселесі әлі күнге өзекті. Ұйымның кезекті тағы бір саммитін Қазақстанда өткізу - жақсы идея. Егер ұйымға мүше елдер қолдап жатса, бұл инклюзивті диалог үшін, біріккен әрекет ету үшін таптырмас алаң болары анық. Себебі, ұйым бүгінде өте күрделі қауіпсіздік проблемаларымен бетпе-бет келіп отыр. 

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу