Миланда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің отырысы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Миланда ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің отырысы өтіп жатыр

07.12.2018

Италияның Милан қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің отырысы өтіп жатыр. Мәртебелі жиынға қазақстандық делегацияны еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бастап барды. Министр жиынның алғашқы күні Қазақстанның, Президент Н. Назарбаевтың тың бастамаларын баяндап, шетелдік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Лаңкестік, есірткі саудасы, заңсыз көші-қонмен күресе алмай әбігерге түскен жаһан жұртын Азов теңізінде Украина мен Ресей арасында болған соңғы жанжал одан сайын дүрліктірді. Жеке амбициясын ойлаған елдерге қандай шара қолдануға болады? Ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қайтпек керек? Миланға жиналған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері осыны талқылап жатыр. Түйткілді мәселенің түйінін шешуге бағытталған Президент Н.Назарбаевтың бастамаларын еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов көпшілікке баяндады. Н.Назарбаев АҚШ,Ресей, Қытай мен Еуропа Одағы көшбасшыларының басын Астанада қосуға алаң ұсынған болатын.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Бүгін ірі-ірі державалардың басын қосу қажет. Жанжалдар және ірі державалардың арасындағы келіспеушілік, сенімсіздік мәселелерін талқылау үшін Хельсинки процесіне жаңа серпін беруіміз керек.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы. Осы үш мықты ұйымның күшін біріктіріп, қазақ жерінде біріккен кеңес өткізу туралы Н.Назарбаев бастама көтерген. Жиында осы ұсыныс та кеңінен талқыланды.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Халықаралық қауымдастық Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамаларын асқан қызығушылықпен қабылдап отыр. Мүше елдердің делегациялары «мүмкін эксперт деңгейіндегі кездесулерден бастаймыз», деп айтып жатыр. Содан соң, министрлердің деңгейіне көтереміз. Үлкен саммитке де жол ашар.

Стеф Блок, Нидерланд сыртқы істер министрі:

- Сіздердің елдеріңіз, Президенттеріңіз халықаралық аренада өте маңызды рөл атқарып отыр. Нидерланд үкіметі қазақ елінің халықаралық саясаттағы бастамаларын, аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін атқарып отырған жұмыстарын қолдайды. Әрі барлық салада ынтымақты арттыруға мүдделі.

Қазақ елімен байланысты бекемдеуге біраз ел ынтық. Жиын аясында Қайрат Әбдірахманов Монако, Австрия, Сербия сыртқы істер министрлерімен екіжақты кездесулер өткізді. Әріптестер сауда-саттықты, достықты күшейтіп, қазақстандықтар үшін Еуропа елдеріне виза рәсімдеуді жеңілдету мәселелерін талқылады. НАТО ұйымы бас хатшысының орынбасарымен екеуара әңгімеде тараптар аймақтық, жаһандық қауіпсіздік жайын сөз етті. Қарт құрлық өкілдері «Бір белдеу-бір жол»жобасы аясында Қазақстан арқылы Қытайға жүк тасымалдауға құлшынып отыр. Еліміздің Австрия мен Италиядағы елшіліктері «Өзара байланысты нығайту» форумын ұйымдастыру арқылы, елдің көлік-транзиттік әлеуетін көпшілікке паш етті. Қазақстанның тың жобаларын таныстыру министрлер кеңесінің екінші күні де жалғасады.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу