Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жұмысын жандандыру қажет – Мемлекеттік хатшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар саясаты жөніндегі кеңестің жұмысын жандандыру қажет – Мемлекеттік хатшы

22.11.2018

Жастар арасында құқықбұзушылық пен суицидті азайту және мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының келесі кезеңін әзірлеу. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысында осы мәселелер талқыланды. Кеңес мүшелері 2019 жылға арналған жұмыс жоспарын да мақұлдады. Жиынға Үкімет мүшелері, Мәжіліс депутаттары мен жастар саясаты бойынша республикалық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Айта кетейік, мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы 2013 жылы бекітіліп, құжатта 2020 жылға дейінгі осы бағытта атқарылуы тиіс іс-шаралар айқындалған. 

 Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

2019 жыл жастар жылы. Осы мәселеге баса көңіл аударуымыз тиіс. Қазіргі кезде оны мемлекеттік деңгейде атап өтуге дайындық басталып кетті. Осыған байланысты жастар саясаты жөніндегі кеңестің жұмысын да жандандыру қажет. 

 

Мемлекеттік хатшының төрағалығымен сондай-ақ, әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық тағайындау жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Шараға зиялы қауым өкілдерінен құрылған комиссия мүшелері және Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты. Басқосуда Елбасы қарауына ұсынылатын үміткерлер тізімі жасалды. Әдеттегідей үміткерлер әдебиет, музыка, театр және кино, бейнелеу өнері және сәулет салалары бойынша сайысады. Мемлекеттік сыйлық лауреаттарын марапаттау рәсімі дәстүр бойынша Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу