Қазақстанға Гои бейбітшілік қорының президенті келді
Қазақстан мен Жапония гуманитарлық бағыттағы қарым-қатынасын нығайтуға ниетті. Күншығыс еліндегі Гои бейбітшілік қорының президенті Хироо Сайонджидің елордамызға жұмыс сапары нәтижелі басталды. Мәртебелі мейманмен Елбасы қорының президенті, Сенат депутаты Дариға Назарбаева кездесіп, тараптар қос мемлекеттің болашаққа бағдарын талқылады.
Басты мақсат – әлем назарын ядролық қарудан бас тартуға шақыру, бейбітшілікке үндеу. Өйткені, екі елдің тағдырлары ұқсас. Жапон халқы Хиросима-Нагасакидің, ал қазақ жұрты Семейдің қайталанбауын қалайды.
Осы мақсатта алғашқы басқосу ертең Астанада өтеді. Ал, бұдан бөлек ортақ жобаларды жүзеге асыру үшін Дариға Назарбаева мен Хироо Сайонджи ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осы құжаттың арқасында көп ұзамай қос мемлекет жастары үшін білім гранттары пайда болуы мүмкін. Жалпы, білім саласындағы байланыс беки түспек.
Сондай-ақ, кездесу соңында Елбасы қоры мейманға «Алтын адам» мүсінінің көшірмесін сыйға тартты.
Хироо Сайонджи, Гои бейбітшілік қорының президенті /Жапония/:
- Әрине, басты мақсатымыз – ядролық қарусыз өмірді насихаттау. Әлемнің әр елі осы маңызды мәселені шешуге атсалысса дейміз. Бұдан бөлек, әр адам бұл проблемаға назар аударып, өзектілігін түсінгені жөн. Біз Қазақстан мен Жапония ядролық қарудан қасірет көрген қос ел әлемге оның қаупі туралы айтып, бастаманы қолға алу керекпіз. 2016 жылы Қазақстан Президентінің Жапонияға сапары барысында осы бағытта біраз келісім жасалды. Бүгінгі сапар да – соның жемісі деп айта аламын.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
