Б.Сағынтаев бюджет қаржысын игере алмаған министрлерді сынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Б.Сағынтаев бюджет қаржысын игере алмаған министрлерді сынады

11.09.2018

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және осы жылдың 8 айында бюджетті игеру барысы, халықтың цифрлық сауатын арттыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы заңнамасын жетілдіру. Бүгін Үкімет отырысының күн тәртібінде осындай мәселелер талқыланды.

Негізі жиынның басым бөлігі алғашқы мәселеге арналды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев министрлер кабинеті мен облыс әкімдерін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты дер кезінде игермегені үшін сынға алды.

Үміті мен үрейі аралас министрлер бүгін әдеттегі амандық-саулықсыз бірден жұмысқа кірісті. Үкімет басшысы да жылы қабақ таныта қоймады. Алғашқы болып сынға Тимур Сүлейменов ілікті. Министрдің айтуынша, жалпы ішкі өнім 3,8 пайыз, ал инфляция деңгейі  2,9 пайызды көрсетіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіштер. Алайда, өңірлердегі өндірістің әлеуеті әлсіреп қалған.

Ал, екінші болып мінберге ол сәтте әлі әкім болып үлгермеген Бақыт Сұлтанов шықты. Қаржы министрі ретінде соңғы баяндамасына Үкімет басшысының көңілі толғандай. Тек келесі жылға бюджетті қарастырар кезде биыл игермеген министрліктердің тізімін ескеруді тапсырды. Бюджет демекші, барлық дерлік министрлік мемлекет қаражатын игере алмай келеді. Көш басында Қорғаныс министрлігі тұр. Бұл ведомство 8 айда 15 миллиард теңгені игермеген. Екінші - Мәдениет және спорт министрлігі. Тізімде Ауыл шаруашылығы мен Ішкі істер министрліктері де бар.

Ал өңірлерде өсім жоқ, өндіріс азайған. Батыс Қазақстан облысы әлі де газға тәуелділігі үшін сыналса, Солтүстік аймақ зауытта жүк вагондарының өндірісі қысқарғаны үшін сөз естіді. Өңірлердегі барлық саладағы жұмыс қарқыны бәсеңдегенін Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев та растап отыр.

Ерболат Досаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

- Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың арасындағы үйлестірудің жетіспеушілігінен өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, энергия, жалпы сомасы 500 млн. доллардан асатын 14 жоба бойынша Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталу мерзімінің артқа қалуы себеп болып отыр. 

Ал, Үкімет басшысы бұған өңірлердің ала жаздай ән салып жүруі себеп болған деп есептейді. Сондықтан, Бақытжан Сағынтаев күз жемісті болып, жыл соңына дейін жалпы ішкі өнім өсімін 4 пайызға жеткізуді тапсырды.

 Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрі:

- Негізгі мәселе – тамыз айында жұмыстың жүрмеуінде. Демалыс болды. Қолайсыз факторларды да, сыртқы факторларды да есепке алғанның өзінде, Елбасының тапсырмасын орындап, жылды жақсы көрсеткішпен аяқтауға барлық мүмкіндік бар. 

Альбина Әшім, тілші:

-Ал міндеттерін тиісті деңгейде атқара алмаған басшылардың жауапкершілігі қаралатын болды. Үкімет басшысы бір апта ішінде қабылданған шаралар мен жазаларға қатысты есеп беруді тапсырды. Күздегі дәстүрлі ауыс-түйістердің басталғанын ескерсек, барлық шенеунікке бұл ескерту әсер етпей қоймайтыны сөзсіз.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу