Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысын ашты. Президент бұл жиында ел болашағы үшін маңызды бес бағытпен таныстырып, жаңа әлеуметтік бастамаларды жария етті. Жаңа бағдарламардың бірі «7-20-25» деп аталады. Бұл құжаттың арқасында ипотека қолжетімді бола түспек. Президенттің айтуынша, былтыр 11,2 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. «Бұл – рекордық көрсеткіш», - деді Елбасы. Дегенмен, әлі де талай отбасының бас қайғысы – баспана болып отыр. Сондықтан, Президент бұл мәселені тез арада шешуді тапсырып, жұмыс істейтін әр қазақстандық теңгемен несие ала алатындай жағдай жасау керек екенін мәлімдеді. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі қазіргідей жылына 14-16 процент емес, 7 пайыздан аспауы тиіс. Сондай-ақ, қазіргі таңда банктер алғашқы жарна 30, кейбірі, тіпті, 50 проценттен төмен болмауын талап етсе, енді бұл көрсеткіш 20 пайыз болуы тиіс. Несиенің төлену мерзімі де өзгерді. 10-15 жылдың орнына Нұрсұлтан Әбішұлы 25 жыл етіп өзгертті. Сондай-ақ, Елбасының салық төлеу бойынша да жағымды жаңалықтары бар.
Альбина ӘШІМ