Ресей Федералды кеңесі төрағасының орынбасары: Қазақстанды бас бола білген мемлекет ретінде мойындаймыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей Федералды кеңесі төрағасының орынбасары: Қазақстанды бас бола білген мемлекет ретінде мойындаймыз

26.02.2018

Парламент Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған комитет депутаттары Мәскеуде Ресейдің Федерация кеңесіндегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеттері мүшелерімен бірлескен отырыс өткізді. Жиында екіжақты ынтымақтастықты дамыту, халықаралық және аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, халықаралық парламенттік ұйымдардағы өзара іс-қимыл мен жұмысты үйлестіру жайы талқыланды. Соңғы 10 жылда Парламент елдеріміз арасында 50-ге жуық шартты ратификациялап, ол Қазақстан мен Ресейдің экономикалық ықпалдастығын үдете түсуге оң ықпал еткен.

Тәуелсіздік алған ағымы қатты аз жылда Қазақстан бір ғасырдың иығына жүк болатындай жұмыстар атқарды. Халықаралық мәселелерге де тығыз араласып келеді. Бүгінде қауіпсіздік пен бітімгерлік, тұрақтылық жағынан Орталық Азияның көшбасшысына айналды. Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік комитетінің басшысы Дариға Назарбаева бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасатынын айтты.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл формат өзін-өзі ақтады. Депутаттық корпус жұмысын жандандыра түсуі керек. Ал, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы әріптестікке келер болсақ, жылдан-жылға тек оң өзгерістерді байқаймыз. Бұл екі ел басшыларының еңбегінің нәтижесі деп білемін.

Кездесуде барыс-келіс, алыс-беріс мәселелері де сөз болды. Федералды кеңес төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов сенаторлардың сапары әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге сеп болатынын айтты.

Ильяс Умаханов, Ресей Федералды кеңесі төрағасының орынбасары:

- Қазақстанның жоғары палатасының өкілдері келіп, екі комитеттің осындай ашық алаңда кездесу өткізуі біздің тарихи бауырластығымызға оң әсерін тигізеріне сенімім мол. Қандай да бір сұрақтар болса, біз әрдайым көмектесуге әзірміз. Біз Қазақстанды жас та болса, бас бола білген мемлекет ретінде мойындаймыз.

Сенат комитеті ұшқыштарды дайындайтын Гагарин атындағы орталыққа барды. Онда ресейліктерден басқа халықаралық ғарышкерлер де сынақтар өтеді. Дариға Назарбаева жұлдызды қалашықтың басшыларымен кездесті, Юрий Гагариннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ертең Дариға Назарбаева Ресейдің қос палатасы басшыларымен кездесулер өткізеді.

 

Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу