Еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов бүгін ресми сапармен алғаш рет Бельгияға барды. Сапар барысында министр Қазақстан-Еуропалық Одақ іскерлік кеңесінің XVI отырысына қатысып, Одақ басшыларымен бірқатар кездесу өткізеді. Қайрат Әбдірахманов бүгін Бельгияның Сыртқы істер министрі әрі ел премьер-министрінің орынбасары Дидье Рейндерспен кездесті. Кездесу барысында әріптестер екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынасты нығайту жайын сөз етті. Қос тарап энергетика саласында инновациялық жобаларды бірігіп жүзеге асыруға ниетті. Қайрат Әбдірахманов бельгиялық кәсіпкерлерді «Астана халықаралық қаржы орталығымен» іскерлік байланыс орнатуға шақырды. Дидье Рейндерс те Қазақстанның жаһандық бастамаларына жоғары баға беріп, Қазақ елімен ынтымақты нығайтуға ықылас білдірді.
Нұрсұлу ҚАСЫМ