Қырғызстанның жаңа басшысы Сооронбай Жээнбековті ұлықтау рәсімі қарашаның 24-і күні өтеді. Экс-премьер 15 - қазанда өткен президент сайлауында 54 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Ал, халықаралық сарапшылар Алмазбек Атамбаев басқарған жылдары ел экономикасында айтарлықтай өсім болмағанын айтып отыр. Керісінше, құлдырау байқалған.
А.Атамбаев: 6 жылғы экономикалық көрсеткіштер
1. 2016 жылы Қырғызстанның мемлекеттік бюджет тапшылығы 20 млрд. сомға жеткен. Бұл Тәуелсіз Қырғыз тарихында мүлде болмаған.
2016 жылы (Мемлекеттік бюджет тапшылығы) - 20 млрд. доллар.
2. Мемлекеттің былтырғы қарызы - 4,1 млрд. доллар. 2011 жылмен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 32 пайызға артып, 1 млрд. долларға өскен. Мемлекеттік қарыз - жалпы ішкі өнімнің 62 пайызына тең. Бір ғана Қытайға қарызы - 1,6 млрд. доллар.
3. 2011 жылы Қырғызстандағы 23 банктің екеуі қаржы тапшылығына тірелсе, биылғы деректерге сәйкес, 26 банктің 8-і тығырыққа тірелген.
4. 6 млн тұрғыны бар елдің әлеуметтік жағдайы мүшкіл. Еңбекке жарамды қырғыз азаматтарының 3-тен бірі шетелде жүр. Бұл шамамен - 750 мың адам.
5. Сарапшылар 2018-2023 жылдары Қырғыз елінде тағы да дағдарыс болуы мүмкін екенін болжап отыр. Өйткені, қарызды өтеу мерзімі дәл осы жылдарға тұспа-тұс келеді.
Қырғызстан ТМД-дағы «ең демократ» ел деген лақап атқа ие. Бұған ширек ғасырда бірінен соң бірін 4 президентті сайлап, бір емес, екі бірдей түрлі-түсті революцияны бастан өткеруі себеп. Бұл елде ресми биліктен бөлек үш түрлі күш бар. Олар орталық, оңтүстік және солтүстік. Қырғыстанда белгілі бір кланның қолдауына ие болмай тұрып, Президент болам деу бос сөз. Жершілдік, туыстық қарым-қатынас терең тамыр тартқан.
Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Елдің ішінде солтүстік пен оңтүстік болып бөлінетін аймақшылдықтың белгілері бар. Мысалы, оңтүстік пен солтүстік элиталары арасында текетірес бар. Әрине, аймақтық деңгейде Қырғызстанда демократиялық процестер жүріп жатуы мүмкін. Бірақ, мәселе оның сапасында.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
- Кадрлық саясаты да көптеген сыни пікір тудырды. Атамбаев жеке досын, жақындарын билікке тартты. Оның ішінде, жеке көлік айдаушысы, салық орнының бастығы, жеке оққағары ол да үлкен мансапқа ие болып, Қырғыздағы ең бай 100 адамның қатарына кіріп үлгерді.
Қырғызстанның 4-ші президенті Алмазбек Атамбаев жайлы бірер сөз. Ол билікте болған 6 жылда 2014 жылы өсім өз шыңына жетті. Алайда, келер жылы көрсеткіштер кері кете бастады. Былтыр тіпті соңғы 5 жылдағы ең төменгі көрсеткішке дейін бірақ түсті.
А.Атамбаев президент болған кездегі Қырғызстанның ЖІӨ:
2012 жыл - 6,605 млрд $
2013 жыл - 7,335 млрд $
2014 жыл - 7,468 млрд. $
2015 жыл - 6,678 млрд. $
2016 жыл - 6,551 млрд. $
Алмазбек Атамбаев Қырғызстанды Орталық Азиядағы ең кедей мемлекеттер қатарынан алып шыға алмады. Көрсеткіштер жыл санап кері кетті. Не істемек керек? Экономикада жолы болмаған Атамбаев жан-жағынан жау іздеді. Көрші елдердің ішкі шаруасына баға беріп, қисынсыз мәлімдеме жасады. Сарапшылар Қырғыз Президенті жеке басының сәтсіздігін өзгеден көріп, жауапкершілікті басқаның мойнына арту деп бағалады.
Қазақстан Қырғыз экономикасына тәуелсіздік жылдары 1 млрд. доллар инвестиция құйған ел. Біз көрші елдің Қытай мен Ресейден кейінгі 3-ші ірі сауда-саттық серіктесіміз. Ал, Қырғызстанның экспорты мен импортының едәуір бөлігі Қазақ жері арқылы өтеді. Бір сөзбен, Қырғыз экономикасының күретамыры қазақтың қолында.
Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ, Ғабит ҰЗАҚБАЙ