Трамп Назарбаевпен жақын арада кездесу ұйымдастыруға қызығушылық танытты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Трамп Назарбаевпен жақын арада кездесу ұйымдастыруға қызығушылық танытты

01.12.2016
Трамп Назарбаевпен жақын арада кездесу ұйымдастыруға қызығушылық танытты

АҚШ-тың сайланған президенті Мемлекет басшысын Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтады. Д.Трамп тәуелсіздік жылдарында республикамыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен таңғаларлықтай ғажап жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті.

Әңгіме барысында әлемдегі және Орталық Азия өңіріндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту мәселелері жөнінде пікір алмасылды.

Қазақстан Президенті еліміздің ядролық қару-жарақтан өз еркімен бас тартып, ядролық қарусыз әлем жолындағы күресті халықаралық қоғамдастықпен бірлесе жалғастыратынын айтты.

Д.Трамп бұл ұстаныммен толықтай келісетінін жеткізді.

«Жаһандық деңгейде шешілуге тиіс ядролық қарусыздану мен оны таратпаудан асқан маңызды мәселе жоқ», - деді АҚШ-тың сайланған президенті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Д.Трамптың назарын Ресей мен Америка ынтымақтастығын нығайтуға мүмкіндік беретін басты үш салаға аударды. Олар: терроризммен күрес, Украинадағы дағдарысты реттеу және жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту.

Ресей президенті В.Путинмен болған телефон арқылы сөйлесу қорытындысын ескеріп, АҚШ-тың сайланған президенті Вашингтон мен Мәскеу ынтымақтастығын дамытудың перспективасына зор оптимизммен қарайтынын атап өтті.

Тараптар Қазақстан мен Американың достық қарым-қатынасын, соның ішінде сауда-экономикалық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге әзір екенін мәлімдеді. Д.Трамп жақын арада екі көшбасшының кездесуін өткізуге мүдделілік білдірді.

Әңгімелесу соңында АҚШ-тың сайланған президенті барша Қазақстан халқына республика тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында игі тілегін жолдады.

kazinform.kz

Хабарламаларға жазылу